Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданында бұрынғы әріптесінің үйін өртеп жіберген ер адам ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Алтай ауданында тәртіп сақшыларына Заводская көшесіндегі үйге қасақана өрт қойылғандығы туралы хабар түсті. 58 жастағы үй иесінің айтуынша, осының салдарынан келтірілген материалдық залалдың мөлшері 5 000 000 теңге.
«Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізген полиция қызметкерлері күдіктінің кім екенін анықтап, оны дереу ұстады. 58 жастағы аудан тұрғыны уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу барысында белгілі болғандай, ол жәбірленушімен бірге кезінде бір компанияда жұмыс істеген. Сол кезде араларында кикілжің шыққан», - делінген ақпаратта.
Сондай-ақ ер адамның бұған дейін дәл осы үйден 50 000 теңгенің азық-түлігін ұрлап кеткені анықталды. Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК-нің 202-бабы 1 - бөлігіне (Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру) және 188-бабы 3-бөлігіне (ұрлық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.