Ақтөбеде спорт мектебі оқушысының қаза болуына қатысты сот отырысы басталды. Күдіктілер – Есет батыр атындағы олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжінің тәрбиеленушілері. Аталған деректі ювеналдық сот қарап жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Еске салайық, биыл сәуірде 14 жастағы Бексұлтан Әбубәкір құлап, есінен танып, кейіннен жедел жәрдем көлігінде жан тапсырған. «Мектепте бассыздық көп» деген марқұмның ата-анасы болған іске оқу орнының басшылығы да кінәлі деп отыр.
– Мұғалім де, тренер де жоқ. Жалған сөйлеген директор да жоқ. Сол күні түнде мен пойызда жолда болдым. Баланы жедел жәрдем көлігімен апарғанша жалған ақпарат берген. Кім жауап береді? Ешкім жанашырлық танытпайды. Балалар осылай өліп кете бере ме? – деді марқұмның анасы Зоя Базарбаева.
Марқұм Бексұлтан Әбубәкір мектепте сыңарымен бірге оқыған. Қайғылы жағдайдан кейін ата-анасы ол жеткіншекті мектептен шығарып алған. Бұған баланың психологиялық жарақат алуы себеп болды.
Айта кетейік, аталған іске қатысы бар деген күдікпен 9-сынып оқушысы қамауға алынды. Одан бөлек, жоғарыда аталған спорт колледжінің студенті де жауапқа тартылады. Аталған іс Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және жәбірленушінің өліміне әкеп соғу» бабы бойынша қаралып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін оқу орнының басшылығы оқиғаға қатысты пікір білдірген.
– «Баланы жедел жәрдем көлігімен алып кетіп бара жатыр» деп хабар түсті. Мен хабарласып сұрағанда тәрбиешісі «бала құлап қалды, төбелес болған жоқ» деп жауап берді, – деді Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі директоры Қайрат Ажбағамбетов.
Оқи отырыңыз: Жаңа жоба: заңсыз сатылған ұялы телефондар «қара» тізімге енгізіледі