Осыдан бірнеше ай бұрын ғана қарт кісі асылып өлген Қонаевтағы әлеуметтік орталықтан тағы да шу шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл жолы қызметкерлер көзі көрмейтін қарттың қалтасына 50 мың теңге жалған ақша салып берген. Ал қария оны ай сайынғы зейнетақым деп жинап отырған көрінеді.
«Қарт кісінің көзі көрмейді, соны пайдаланып жалған ақшаны қолына ұстатады. Болмаса, газеттің қиындысын алдап беріп қояды. Ол оны шын ақша деп жинайды. «Қазпоштаның» адамдары жүреді, сол ақшаны өздері алады», – дейді қарттар үйінің бұрынғы қызметкері.
Ал ақшаны берді деп атап көрсеткен қызметкермен де тілдесіп көрдік. Алайда аталған орталықтың жұмысшысы бәрі жалған деп отыр.
«Мүмкін, біреулерге мен ұнамайтын шығармын, сол себепті маған жала жауып айтқан шығар. Бәлкім, көзі көрмейтінін пайдаланып, біреу менің атымды жамылып, сол жалған ақшаларды берген шығар. Мен бұл жағдайды түсінбедім. Пошта қызметкері зейнетақыны өзі береді. Бізде бір ғана пошта бар, ол–«Қазпошта», – дейді «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының шаруашылық бикесі Айсұлу Әбдіқалықова.
«Әлі осы айдың зейнетақысын алған жоқпыз. Неге кешіктіріп жатқанын білмеймін. Қолыма 18 мың теңге аламын, қалғанын тұрған орныма, тамағыма ұстап қалады», – дейді «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызмет алушысы Арғын Әдибеков.
«Алатынымыз – айналдырған 50 мың теңге. Ешқайда жетпейді, тамақтары нашар, оған қарамастан қымбат. Бізді емін-еркін аулада жүргізбейді», – деді «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызмет алушысы Нұрмолда Нұрғалиев.
«Қарттар үйінің қызметін тұтынушы азаматтың зейнетақысының орнына айналымға жатпайтын, өтірік ақша банкноттарын тапсыру дерегі бойынша полиция қызметкерлері арнайы тексеріс жұмысын жүргізіп жатқанын хабарлаймыз», – деді ПД-ның баспасөз хатшысы Ернар Сайділдин.
Ал ескі басшылық кезінде есіміз екеу болды деп шағымын айтқан әйел осыдан бірнеше ай бұрын өзіне қол жұмсап көз жұмған қарияның қасында бірге тұрған. Сол кезде де арнамызға сұхбат беріп, қысым көргенін айтқан болатын.
«Сергейді табыттан қайта тұрғыза алмаймыз. Алайда қайта үмітіміз оянды. Телеарна келіп зерттеу жүргізген соң, тергеу басталды. Бұрынғы басшылық құрамы толық ауысып кетті», – деді «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызмет алушысы Наталья Хвостова.
Айта кетейік, осы жылдың 25 ақпанда болған, Қарттар үйіндегі 76 жастағы қарияның қазасына қатысты тергеу әлі аяқталмады дейді полиция өкілдері. Сондықтан бұған қатысты ақпарат жарияланбайды деп отыр. Ал жалған ақша беріп, жарамсыз банкноттарды таратқан қызметкер анықталса сотталуы әбден мүмкін.
Әлібек Шынтемір, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Жұмбақ өлім: қарттар үйіндегі қазаға кім кінәлі