Петропавлда көп қабатты тұрғын үйдің бірінде пышақпен қызға шабуылдаған күдікті ұсталды. Ер адам қыздың пәтер есігін ашқанын күтіп тұрып, оның тамағына пышақ тақап, зорламақ болған. Қарсылық көрсеткен бойжеткеннің айқайын естіген көршісі оны құтқарып қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оқиға кешкі уақытта Петропавлдағы көп қабатты үйлердің бірінде болған. Қылмыскерді іздестіруге қалалық және облыстық полицияның барлық жеке құрамы жұмылдырылды. Қала тұрғындары болса әлеуметтік желі топтарында және мессенджерлер чаттарында қызға жасалған шабуыл туралы хабарламаны бір-біріне таратып үлгерген. Арада 2 күн өткен соң жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде күдікті Порфирьев көшесінде қолға түскен.
«Аталған қылмысты жасағаны үшін облыс орталығының 49 жастағы тұрғыны анықталып ұсталды. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сонымен қатар, күдіктінің басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде», – деді қалалық Полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі Азамат Төбелбаев.
Күдіктінің бұрын да бірнеше рет сотты болғаны анықталды. Ол үй кіреберісінде қызға шабуыл жасағанын және пышақпен қорқытқанын мойындаған.
«Бір қыздың дүкенге шыққанын көрдім. Жақын маңдағы дүкенге барды. Оның қайтып келгенін күттім. Сосын шабуыл жасадым, ол айқайлай бастаған соң мен қашып кеттім», – деді күдікті.
Қазіргі уақытта мән-жайды толық және жан-жақты зерттеуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде, оның нәтижесі бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданатын болады.