Ішкі істер министрлігі психоактивті заттар мен басқа да синтетикалық есірткілерге тосқауыл қоюға арналған «Рефлекс-2022» жедел-профилактикалық шарасын аяқтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Операция өткен бір айда ел аумағында синтетикалық есірткінің заңсыз айналымына байланысты 470 құқықбұзушылық анықталған. Оның ішінде 149 есірткі өткізу, 46 аса ірі мөлшерде есірткі сақтау, 25 насихаттау және 251 қылмыстық теріс қылық бар. Заңсыз айналымнан 122 келі синтетикалық есірткі, сондай-ақ 1 кг 300 грамм героин тәркіленді», - деді ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек онлайн брифингте.
Операция басталғаннан бері 5 жасырын наркозертхана жойылды, онда 100 келіден астам дайын есірткі тәркіленген.
«Мәселен, Жамбыл облысында героин сатумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды. Қылмыстық топтың 6 мүшесі құрықталды, олардан бір келіден астам героин тәркіленді», - дейді министрлік өкілі.