Алматы облысында "баламның денсаулығына зақым келді" деп шағымданған ата-ананы балабақша медбикесі сотқа берді

Almaty.tv
Almaty.tv
Жалғызбасты ана 6 жасар ұлының балабақшада құлап, қолын сындыруына тікелей мамандар жауап беруі керек деп отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Тәрбиешілердің салғырттығынан баламның денсаулығына зақым келді». Осылай деген Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылының тұрғыны арнамызға хабарласқан еді. Жалғызбасты ана 6 жасар ұлының балабақшада құлап, қолын сындыруына тікелей мамандар жауап беруі керек деп отыр. Аталған жайт бір емес бірнеше мәрте қайталанды деген тұрғынның жанайқайын Almaty.tv тілшісі  Мадина Оқас тыңдап қайтты.

41 жастағы Санияның ұлы 1 жарым жасынан бері балабақшаға барады. Осы аралықта бөбекжаймен арада бірнеше мәрте іс қозғалып үлгеріпті. Ананың айтуына сүйенсек, тәрбиешілердің салғырттығынан туындап отыр. «Балама бас-көз бола алмады» деген кейіпкеріміз ұлын меңгерушінің итеріп жібергенін, соның салдарынан қолын сындырғанын алға тартады.

Баланың анасы 2-топтағы мүгедек. Тапқан-таянғаны мемлекеттен берілетін жәрдемақы ғана. Ал балабақша мамандары Миладтың қолына зақым келгенде керекті дәрілерін алып берген. Қажет деген ем-дом жасалар тұста екінші шу шығып отыр.

«Бірінші оқиғадан соң балабақша қызметкерлері баламды массажға апарып жүрді. Сол жерде бала тағы құлаған, оны маған айтпай тәрбиешілер Миладты 5 сағат бойы ұйықтау бөлмесінде ұстапты. Баламның қолының іскенін көрсе де, мамандар ешқандай шара қолданбады», – деді Шелек ауылының тұрғыны Сания Рахматулина.

Анасының айтуынша, Милад осы балабақшада құлап қалған. Іске тікелей қатысы бар деген тәрбиешілердің сөзін тыңдау үшін біз де мұнда келдік. Дәл қазір карантин талаптарына байланысты ішке кіргізе алмаймыз деген мамандарды күтіп тұрмыз.

Алғашында жауап берулері қиын болғанымен, мекеме мамандары жағдайды өз нұсқаларында түсіндіріп берді. Балабақшаның әкімшілігі жұмыс орнында болмаған соң, іске тікелей қатысы бар деген медбикенің сөзін тыңдадық. Оның айтуынша, аталған оқиға – бұған дейін де ірілі-ұсақты жаламен арыз түсірген тұрғынның кезекті қылығы. Тәрбиешілердің кінәсіздігіне толық дәлел бар деген мамандар Миладтың анасын сотқа беріп те үлгеріпті.

«Бала таңертең келеді. Сол қолында сырылған, кішкене ісігі болады. Біз сұрағанда «үйде құладым», – деді бала. Одан кейін балалармен бірге ойнап жүрді. Тәрбиешілер сағат 10.30 – 11.30 аралығында балаларды далаға серуенге шығарады.  Сол кезде бала оң жағына қарай құлайды, сол жағымен емес. Анасы бізге ешнәрсе айтпай өз-өзінен шу шығарып жатыр», – деді «Бәйтерек» бөбекжай-балабақшасының медбикесі Аида Тұрғанова.

Айта кету керек, облыстық Полиция департаменті аталған оқиғаға қатысты іс қозғалғанын мәлімдеген еді.

«Бұл факт бойынша балалардың өмірі мен денсаулықтарына немқұрайлы қарау бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 141-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір бірқатар сараптамалар тағайындалды. Оның қорытындылары шыққан соң нақты Заңды шешім қабылданатын болады», – деді Алматы облыстық ПД ресми өкілі Ақбота Әзірбек.

Бұл екі тарап та өз дегенінен қайтпайтын мәселе. Ал, баланың денсаулығы мен психикасы бұзылды деген жалғызбасты ана мұнымен тоқтап қалмаймын дейді.

Мадина Оқас, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров