Қаңтар оқиғасын ұйымдастырды деген айыппен қамалған күдіктілерге қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Тыңдалымның екінші күнінде Қайрат Құдайбергеннің қорғаушысы оның кәмелет жасына толмаған 3 баласы бар екенін айтып, ешқайда кетпеу туралы қолхатпен үйқамаққа ауыстыруды сұрады. Мұндай өтінішпен судьяға тағылған айыптары жеңіл бірнеше сотталушы жүгінді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Десе де, сот оларға қатысты әзірге нақты жауап айтқан жоқ. Одан бөлек, қазір ашық түрде жүргізіліп жатқан сот процесінің алда қандай тәртіппен өтетіні белгісіз. Жәбірленушілер мен куәгерлер істің жабық есік жағдайында қаралғанын сұрап, судьяға өтініш білдірген. Өйткені, олар сотталушылар тарапынан өз өмірі мен отбасына қауіп төніп тұрғанын айтады. Олардың айтуынша, күдіктілер қоқан-лоқы көрсете ме деп алаңдайды.
– Мен жәбірленушілердің өкілі ретінде арызды қолдау керек деп айттым. Көп кісі іздеуде жүр, әлі ұсталған жоқ. Сондықтан қорқады. Бірнеше жәбірленуші үзілісте сотқа келмейтінін айтты. Олар нақты себебін айтқан жоқ. Бірақ әлденеден қорыққаны көрініп тұр, – деді адвокат Гүлнар Жуаспаева.
Еске салайық, қаңтар оқиғасын ұйымдастырды деген 45 күдікті бар. Олардың әрқайсына жеке-жеке айып тағылған. Қазір 25 күдікті уақытша ұстау изоляторында болса, қалғаны үймақта. Десе де, көптің назары «Дикий Арман» лақап атымен танылған Арман Жұмагелдиев пен кәсіпкер Қайрат Құдайбергенде. Бас прокурор Арман Жұмагелдиевке «Қазақстан» қонақүйінде жақтастарымен штаб-пәтер құрды, бірнеше адамды азаптады және тапсырмаларды Ұлттық қауіпсіздік комитетінен алып отырды» деген мәлімдеме жасады.
Ол бес адамнан тұратын қылмыстық топпен бірге 2022 жылдың 7 қаңтарында арнайы операция кезінде ұсталған еді. Кейіннен күдіктілерден әртүрлі маркадағы қару-жарақ, оқ-дәрілер мен брондалған көлік тәркіленді.
Сотталушы Жұмагелдиев бұл айыптардың біреуімен де келіспейтінін айтып, кінәсін мойындаған жоқ.
Оқи отырыңыз: Банк ғимаратында адамдарды кепілге алған Әлихан Мурадовқа сот үкімі шықты