Алматыда адам өлтірді деген күдікті белгілі дәрігерді атқаны анықталды

Almaty.tv
Almaty.tv
Оқ атылған қару тәркіленді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда таңсәріде білікті дәрігерді көлік тұрағында атып өлтірген қаскөй «ізін суытпай» қолға түсті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Еске салсақ, бүгін әлеуметтік желіде Бостандық ауданында 1975 жылы туған азамат оққа ұшып мерт болды деген ақпарат тараған еді. Қалалық полиция департаменті «аса ауыр қылмыс» деп таныған оқиға, куәгерлердің сөзінше, таңғы уақытта болған. Қолына аңшы мылтығын ұстаған ер адам белгісіз себептермен дәрігерді бірнеше рет атып, жер жастандырыпты. Анықтай келе белгілі болғандай, Юрий Шумков өзінің жұмыс орнында емес, дәл осы автотұрақта мерт болған. Оны оқиғаның куәгері де жоққа шығармады. Дәл осы автотұрақ күзетшісінің сөзінше, сол сәтте жұмыс орнына келе жатқан. Содан қарама-қарсы бетте бейтаныс адамның мылтыққа ұқсас зат ұстап, қашып бара жатқанын көреді. Кейін жұмыс орнына кіреберісте өлі адамның денесін табады. Автотұрақ қызметкерлері болса, оқиғаны тек жазбадан ғана көрдік деп жауаптан жалтарды. Расында дәрігерге күдіктінің оқ жаудырған сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Қаскөй бір адамды сұлатып қана қоймай, күзетші орнын да тексерген.

«Сол сәтте кезекші болған күзетші мен едім. Жұмысқа келіп, киім ауыстырып, төбетіме тамақ беруге кеткен едім. Содан қайтып келе жатсам, бір бейтаныс жігіт жүгіріп шықты да, көлікке отырып ізім-ғайып жоқ болды», –  деді куәгер Сыдықжан Юлдашев.

Полиция департаментінің мәліметінше, оларға «кісі өлімі» туралы хабарлама таңғы сағат 9-дар шамасында келіп түскен. Содан тәртіп сақшылары шұғыл түрде іске кірісіп, 1 сағат ішінде күдіктіні анықтап, қолға түсіреді. Қаскөй Алматының Алатау ауданында ұсталған.

«Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қылмыстық іс ҚР ҚК 99-бабы бойынша қозғалып, тергеу амалдары қолға алынды. Бұл іске итермелеген себеп-салдар, мән-жайлар міндетті түрде анықталады. Бірнеше болжамды тексеріп жатырмыз. Соның бірі - күдікті дәрігердің емделушісі болуы мүмкін», – деді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Кей дереккөздерде "марқұм Юрий Шумков өз жұмыс орнында оққа ұшып мерт болды" деген ақпар тарады. Алайда мұны куәгерлер жоққа шығарса, полиция қызметкерлері нақты жауабын айтпады. Бір анығы марқұм көзі тірісінде білікті дәрігер болған. Бұл қара жамылған әріптестерінің айтуы.

Оразай Нұртай, Ялкунжан Әшімжанов, Әрсен Сандыбаев, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров