Ірі көлемде есірткі тасымалдаған екі ақтөбелік Қызылордада ұсталды

01.08.2024 21:44

Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр

polisia.kz

Есірткінің аса ірі партиясын тасымалдаған екі ақтөбелік Қызылордада ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Самара-Шымкент тасжолында Қызылорда облысы Арал ауданының тұсында Қызылорда ПД патрульдік полиция рота қызметкерлерімен жылдамдық режимін бұзған Nissan Primera автокөлігі тоқтатылды.

Тексеру барысында көліктің жүксалғышынан үш үлкен полиэтилен пакетіне оралған жасыл түсті зат анықталып, айғақ зат ретінде алынды. Сараптама қорытындысымен алынған зат 6 келі 260 грамм кептірілген марихуана екендігі нақтыланды.

Автокөлікті тізгіндеген 42 жастағы жүргізуші мен жолаушысы Ақтөбе облысының тұрғындары болып шықты. Күдіктілер УҰИ-ға қамалды. Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды.

Оқи отырыңыз: Ақмола облысында кәсіпкердің денесі табылды