Алданып қалдық: жиһаз шеберін күтуден жалыққан азаматтар шағым айтты

Almaty.tv
Almaty.tv
Елдің алды 2019 жылы тапсырыс берген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қалалық полиция департаменті жиһаз аламын деп, жиған-тергенінен айырылған 50 адамның арызын қарастырып жатыр. Әу баста бәрі келісімшарт негізінде болды деген азаматтар арада 4 жыл өтсе де тапсырысын ала алмай келген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елдің алды 2019 жылы тапсырыс берген. Жиһаз жасатамын деп екеуара ең азы 100 мыңнан, көбі 1 млн теңгеге дейін келісімшарт жасалған. Олар тапқанын санап беріп, сан соғып қалған.

«Ас бөлмеге жиһазға тапсырыс бергім келді,  70 пайыз алдын-ала төлем жасадым. Кез келген адамның сеніміне кіріп, 70-100 пайыз алдын-ала төлемін алады. Одан кейін ол кісі жоқ боп кетеді, ешкімге ешқандай мебель жасаған жоқ. Мен күтіп жүргеніме 2 жыл болды, – деді шағымданушы Ертас Бақытов

«Жаздым, бірден жауап берді. Алғашында бәрі ойдағыдай болған. Мен 500 мың теңгеге алданып отырмын. Ең өкініштісі, қаншама адам оны таба алмай, атына арыз жазып жүрсек, ол әлі де ел-жұрттан тапсырыс қабылдап жүр екен. Біздің қоңырауымызға жауап бермейтіні тағы бар», – деді  шағымданушы Аманбек Мұқажанов

Құжатта мін жоқ. Мұндағы келісімге сай, тапсырыс беруші өз сұранысын қайтарып алуға да құқылы. Мағжан Зиябек дәл солай, шебердің кешігіп, әрі жауап беруден жалтарғаны үшін жиһазын басқа адамға жасатпақ болған. Келісім 1,5 млнға жасалыпты. Ал алдын ала берген 900 мың теңге әлі қайтпаған.

«Маған уатсаптан хабарласып, жазып қоймады. «Мен сіздікін жасап берейін, жылдам істеймін» деп. Содан сеніп қалдық. Жасаймын деп отырған адамға бергіміз келді, бірақ сендік», – деді  шағымданушы Мағжан Зиябек

Алғашында 5, кейіннен 15 пен 30-ға көбейген алданған азаматтар бұған дейін екі мәрте арыз жазып, тиісті органға жүгінген. Қазір бас-аяғын қосқанда 2019 жылдан бері 50-ден аса шағымданушы жиналыпты.

«Полиция департаменті процессуалдық шешім қабылдау үшін арыздарды Бостандық аудандық полиция бөліміне жіберген. Алайда, әлі күнге дейін процессуалдық шешім қабылданбады. Одан бөлек, ол кісілерді көргеннен кейін, тағы азаматтар қосылып, Бостандық аудандық ПБ-ға жүгінген. Алайда, полиция бұл арыздарды азаматтық сотта шешіңіздер деп қайтарып жіберген», – деді адвокаттар алқасының мүшесі Альбина Бақтиярқызы.

Құжатын қолға алып, азаматтар бүгін де полиция басқармасына барды. 24 сағат ішінде арыз қарастырылады деген жауап алдық.

«Бүгінгі таңда Алматының бірнеше аудандық полиция басқармаларында аталмыш жеке кәсіпкерге қатысты ұжымдық арыз қарастырылып жатыр. Процессуалды шешім ҚР Қылмыстық іс жүргізу жөніндегі талаптарына сай қабылданатын болады. Міндетті түрде тексеру барысында болған оқиғаның толық объективті мән-жайы анықталып, қылмыстық істер бойынша шешім қабылданатын болады», – деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек

Азаматтар арызданып жатқанда біз сол көптің қолы жетпей жүрген адамның өзіне келдік. Алдын-ала хабарласқан ек, тапсырыс алған кісі телефон тұтқасын көтермеді. Ал шеберхана Алматының іргесінде ғана.

Шебер шешілмей жатқан мәселе шаш етектен дейді. Орындауы тиіс, бірақ әлі орындалмаған тапсырыстың көп екенін де жоққа шығармады. Бірақ 50 емес, 15 адамға ғана қарызбын деп отыр. Ал жиһазын жасайтын жұмысшылар шетелдік азаматтар, қазір олар еліне қайтып кеткен.

«Менің айыбым бұл жерде – оларға алдын-ала ақшаны беріп тастағаным болып тұр ғой. Алдын-ала бердім, бірге істеп, бірге жасаймыз деп ойлағам. Бірақ олар кетіп қалды. Соңында жауапкершілік менің мойнымда қалады. Неге десеңіз, мен клиенттермен сөйлестім, рекламаның бәрін өзім жүргіздім», – деді жиһаз шебері Сейітбек Бердіқұлов

Жасалмаған жиһаздың құнын арқалап қазір шебер жалғыз өзі қалған. «Қарыздан қашпаймын, алаяқ емеспін, тек уақыт пен жұмыс істеуге мүмкіндік беріңдер» дейді.

«Барлығының ақшасын қайтару үшін жұмыс істеп жүрдім. Бірақ ол кісілер менің фотомды  алаяқ деп инстаграмға сала бастады. Жұмысты жүргізіп, ақша тауып беруім керек қой. Ақша табайын десем, инстаграмдағы суретті айтып, адамдарды алдаған екенсіз ғой дейтін болды жұрт», – деді жиһаз шебері Сейітбек Бердіқұлов.

Шағымданушылар шығын көлемі - 20 млн десе, шебердің 8-9 млн теңге қарызы барын айтады. Процессуалды шешім қабылдар кезде арнайы органдар нақты сумманы анықтайды.

Мадина Оқас, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров