Тіс жұлуға барып, тіл тартпай кетті: Марқұмның әкесі дәрігерді сотқа бермек

Almaty.tv
Almaty.tv
26 тамызда тісін жұлдырмақ болған Мария Александровна жекеменшік емханаға болашақ күйеу жігіті Артур Литвиновпен бірге барған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тіс жұлуға барып, тіл тартпай кетті. Алматыда 22 жастағы Мария Сергеева жеке меншік клиникалардың бірінде дәрігерлердің кесірінен көз жұмған. Қанжұтқан марқұмның туыстары «дәрігерлер бір емес, бірнеше тісті алып тастағылары келген» дейді. Мән-жайды Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін анықтап көрді.

Көзінің қарашығы қызын жоғалтқан әке қазір осылай қара жамылып отыр. Суыт хабарды ұлынан естіген Александр Сергеев қала сыртындағы үйінен бірден клиникаға келген. Бірақ ол кезде тым кеш еді.

«Полиция қызметкерлері сол жерде түсініктеме алды. Мәселені сот арқылы шешеміз. Арыз жазып, адвокат жалдаймыз. Кінәлілер жазасын алуы керек. Мұндай отаны жасамастан бұрын арнайы орталыққа сынама тапсыруы керек екен. Түсініксіз тұстары көп», – деді М.Сергееваның әкесі Александр Сергеев.

26 тамызда тісін жұлдырмақ болған Мария Александровна жекеменшік емханаға болашақ күйеу жігіті Артур Литвиновпен бірге барған. Артурдың сөзінше, ота түскі 13.00-ге белгіленген. Арада үш жарым-төрт сағат өткен соң ол Марияның көз жұмғанын сол жақтағы дәрігерлерден естіген.

«Басыма жай түскендей болды. Сенбедім. Дәрігерлер наркоз әсерін жою үшін оған бір препарат еккенін, бірақ ол анафилактикалық шокқа әкеліп соқтырғанын айтты. Олар 2 сағат бойы оның есін жидырмақ болған. Марияның жүрегі көтермеді», – деді М. Сергееваның болашақ жары Артур Литвинов.

Күйеу жігіттің сөзінше, қыздың ақыл тісі дұрыс өспей, ауруы жанға батқан. Артур «дәрігерлер шығып келе жатқан бір емес, бірден төрт тісті жұлу керек деп жазған» дейді. Не үшін анестезия қолданылғанын, неге жедел жәрдем шақырмағанын түсінбейді. Наркозды кетіру үшін қандай дәрі салынғаны да белгісіз.

Бұл дәл сол тісін емдетемін деп келіп о дүниелік болып кеткен қыз келген жеке меншік клиника емхананың есігі қазір құлып тұр. Ал, бұл жерді білетін тұрғындардың сөзінше ғимараттың есігі бірнеше күннен бері жабық тұр. Нысан әкімшілігі бірдеңеден сезіккендей келген жұртты шеткі есіктен әр қайсысын жеке-жеке сұрастырып, ішке кіргізіп жатыр.

Клиникадағылардан жауап алуға барған түсірілім тобымыз да ішке кіре алмады. Ондағы қызметкерлер мекеме басшылығы орнында жоқ деп ат тонын ала қашты.

Бұл жағдайға қатысты қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған.

«Қылмыстық кодекстің 317-бабы, яғни «медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы, абайсызда өлімге әкелуі» тармағы бойынша іс қозғалды. Тексерумен Әуезов аудандық полициясы айналысып жатыр. Керекті сараптама тағайындалды», – деді Алматы қаласы ПД баспасөз қызметінің өкілі Евгений Лысенко.

Бақилық болған Мария Сергеева мен Артур биыл шаңырақ көтеруді жоспарлаған. Бірақ ол арман бір күнде көкке ұшты. Марияны жақындары қалыңдық көйлегін кигізіп, жер қойнына тапсырды. Енді марқұмның туыстары соттың әділ өтіп, кінәлілер жазасын алады деп үміттенеді.

Назкен Еркін, Медет Саматұлы, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы

Новости партнеров