Алматы облысында жыл басынан бері мас күйінде көлік жүргізген мыңнан астам жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
«Мас жүргізушілерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, ықтимал қылмыскерлер 15 тәулікке уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынады», – деп мәлімдеді Алматы облысы ПД ЖПҚБ бастығы Бағдат Әшімов.
Биыл масаң күйде көлік жүргізетіндер үшін заң тұрғысынан жазаның қатаңдатылғаны белгілі. Енді аталған құқық бұзушылықты бірінші рет жасаған адам жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады және УҰО-ға 15 тәулік мерзімге қамаққа алынады.
«Осыған ұқсас қайталанып жасалған құқық бұзушылықтар үшін ҚР ҚК 346-бабы, яғни басқару құқығынан айырылған және алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы бойынша, қылмыстық іс қозғалатынын атап өткім келеді», – деп толықтырды Әшімов.
Осындай құқық бұзушылық үшін биыл Алматы облысының Көксу ауданында жүргізуші өмір бойы жүргізуші куәлігінен айырылып қана қоймай, үш жылға бас бостандығынан айырылды. Алғаш рет 2017 жылдың ақпан айында сот оны мас күйінде жол-көлік оқиғасын жасағаны үшін бес жылға жүргізуші куәлігінен айырған, алайда ол 30 тамызда тағы да масаң күйде рөлге отырған.