Ақмолада ер адам бөтелкелесін өлтіріп алғанын мойындады, деп хабарлайды Almaty.tv.
ІІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, 17 қарашада Көкшетау қаласының 55 жастағы тұрғыны полицияға кінәсін мойындап келген.
"Ер адам танысымен бірге ішімдік ішіп отырғанда араларында жанжал басталып кеткен. Ол бұрын ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған 48 жастағы тұрғынның кеуде аймағына пышақ салғанын мойындады. Сонымен қатар тергеу барысында қаскөйдің әрекетінен 49 жастағы әйел зардап шеккені анықталды", - делінген хабарламада.
Осы факті бойынша Полиция басқармасы ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігімен (Адам өлтіру) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Оқиға орнынан заттай дәлел, атап айтқанда ас үй пышағы тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына қоса тіркелді. Сот-медициналық сараптама жүргізілуде.
Қамауда ұстау түріндегі процессуалдық шарасы таңдалды.