Жамбыл облысында үш адам өнеркәсіптік компанияның шахтасынан алтын рудасын ұрламақ болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бұл туралы полиция бөліміне осы кәсіпорынның қызметкерлері хабарлады. Жәбірленуші тараптың айтуынша, белгісіз тұлғалар компанияның күзетілетін аумағына кіріп, тереңдігі 100 метр шахтаға түсіп, құрамында алтын бар 3 қап кен ұрламақ болған. Мойынқұм ауданының полиция қызметкерлері осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 1976 және 1977 жылы туған екі ер адамды ұстады.
Күдіктілер Ақмола облысы мен Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары болып шықты. Тергеу барысында үш ер адам алдын ала сөз байласып, 26 мамырдан бастап құрал-сайман мен азық-түлік алып, қымбат металды өндіру үшін шахтаға түскені анықталды. Күдіктілер шахтада 10 күннен астам уақытта болған. Олар кенді қапқа жинап қойғанымен, қылмысты аяқтай алмаған. Кеншілер бұзақыларды қылмыс орнында ұстады.
Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі, 188-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Заттай айғақтар алынды. Бірқатар қажетті сараптамалар тағайындалған. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері үшінші сыбайласын іздестіріп жатыр.