Шымкентте қару ұстаған ер адам қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасады. Бір адам жарақат алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Бүгін сағат 14:40 шамасында Иляев-Рысқұлбеков көшесінің қиылысында орналасқан қару-жарақ дүкенінде дабыл түймесі іске қосылды. Оқиға орнына бірден қауіпсіздік агенттігінің қызметкерлері келді. Күзетшілер мен қаруланған белгісіз адам арасында атыс болды. Күзетшінің бірі жараланды. Қарулы адамды патрульдік полицейлер мен Тұран аудандық полиция бөлімі криминалдық полициясының жедел уәкілдері ұстады», –делінген полиция мәліметінде.
Белгілі болғандай, ер адам Өзбекстан азаматы. Шымкентте жалдамалы пәтерде тұрады.
«Одан шолақ мылтық және ұрланған Сайга карабині тәркіленді. Қазір оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», – делінген хабарламада.