СҚО-да әйелін атып өлтіріп, қызы мен жиенін ауыр жаралаған тұрғынның соты аяқталды

Almaty.tv
Almaty.tv
Қайғылы оқиға 10 мамыр күні Тимирязев ауданында болған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Солтүстік Қазақстанда әйелін мылтықпен атып өлтіріп, қызы мен жиенін жаралаған қаныпезердің ісі бойынша сот отырысы мәресіне жетіп қалды. Бүгін тараптардың айғақтары тыңдалып, зардап шеккендер мен күдікті соңғы сөзін айтты. Жақындарын қуып жүріп атқан Юрий Глушков қандай жаза арқалауы мүмкін? Бұл сұрақтың жауабын Almaty.tv тілшісі біліп қайтқан еді.  

Қайғылы оқиға 10 мамыр күні Тимирязев ауданында болған. Әйелімен сөзге келіспей қалған азамат ащы суға тойып алып, үйінде заңсыз сақталған мылтықпен зайыбының басынан 2 рет атқан. Бұл сұмдықты өз көзімен көрген жиен немересін де өлтірмекке оқталған.

«Сотталушы жатын бөлмеге барып қаруды оқтап, Шветовадан «Анаң қайда?» деп сұраған. Қыз «Ол Юраның үйінде» деп жауап берген. Қаруын оқтап қызды атпақ болғанда, кәмелет жасқа толмаған бала «Тиіспеші, мен сені жақсы көремін ғой» деп айғайлаған. Оған сотталушы «Жақсы көргенсің» деп жауап беріп, басына оқ атқан. Сол сәтте қыз басын сол қолымен жауып үлгерген. Кейін есінен таңып қалған», – деп түсіндірді облыстық прокуратураның аға прокуроры Азамат Жүсіпов. 

Ауыр жарақат алған 14 жастағы қыз есін жиып, анасына хабарлама жіберген. Оқиға орнына келген Виктория Лейман да өз әкесінің қолынан бақилық бола жаздап, әрең қашып кеткен.

«Виктория Лейманға тиген оқ денесінде қалып қойған. Дәрігерлер оны алып тастаса, әйелдің өмірлік маңызды органдары зақымдалады деген шешімге келді», – деді жәбірленушінің адвокаты Төлеген Қашенов.

Виктория Лейман әкесіне қатаң жаза тағайындалуын сұраған. Ал сотталушы Юрий Глушковтың қорғаушысы барынша жеңіл жаза берілуі керек дейді.

«Жаза тағайындау кезінде сотталушының өз кінәсін мойындағанын, істеген ісі үшін өкінгенін ескеріп, жеңіл жаза беруді сұраймын», – деді сотталушының қорғаушысы Елена Моисеенко.

Сотталушы «Адам өлтіру» және «Адам өлтіруге әрекет жасау» баптары бойынша 25 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Күдікті өз кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінетінін жеткізді.

Алина Нұртазина, «Алматы» телеарнасы, Солтүстік Қазақстан облысынан

Новости партнеров