Күдікті өзіне қол салған: ана мен баланың өліміне қатысты қылмыстық іс тоқтатылған жоқ

Almaty.tv
Almaty.tv
Жетім қалған жасөспірімді әжесі тәрбиелеп отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтөбеде кісі қолынан қаза тапқан 2 адамның өліміне қатысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілішісі.

Жаға ұстатарлық жайт наурыздың соңында болған. 35 жастағы әйел мен оның 16 жастағы ұлын түн ортасында өз пәтерінде пышақтап өлтірген еді. Марқұм – дәмханада жұмыс істеген жалғызбасты ана. Ұлы колледжде, қызы алтыншы сыныпта оқитын. Ал періштесі қағып сол күні өлімнен аман қалған қызы «102» нөмірін теріп, құқық қорғау органдарына хабар берген. Қылмыскерді сол маңдағы бейнекамералар арқылы ізін суытпай тапты. Ол пәтерге балкон арқылы кіріп, үйді тонамақ болған. Алайда күдікті ұсталғаннан кейін, уақытша ұстау мекемесінің камерасында асылып өлді. Соған қарамастан қылмыстық іс тоқтатылған жоқ. Барлық материал сотқа жіберілді.

– Елеуов Әлішер Аманғалиұлы қарақшылық шабуыл жасаған, яғни бөтеннің мүлкін ұрлау мақсатында шабуыл жасаған, оны адам өміріне немесе денсаулығына қауіпті күш қолдану, тұрғын үй-жайға заңсыз кіру арқылы жасаған, ол – қылмыс, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 192-бабының 3-бөлігі, 4-тармағында көзделген құқықбұзушылық, – деді мемлекеттік айыптаушы Нұрбек Ілиясов.

Күдікті 23 жаста жоғары білімі бар, үйленбеген және бұрын сотталмаған. Сотталушының өліміне байланысты сот процесін тоқтатуға әрекеттенген. Алайда өз-өзіне қол жұмсаған күдіктінің анасы тергеуді жалғастыруды талап еткен. Өйткені бұл істе ұлын кінәсіз санайды. Сондықтан адвокаттар қосымша тергеу жасалуын сұрап отыр. Олар тергеу көз жұмған күдіктіге қатысты дәлелдер аз депті.  

– Қыз оны дауысы мен дене бітімінен анық танитын. Сондықтан оның кінәсі толығымен дәлелденді деп есептеймін. София оны нақты таныды. Оның қаны пәтерден, аяқ киімінен, шұлығынан табылған. Біз одан әрі тергеуге қарсымыз. Балаға сәл де болса психологтың кеңесі қажет, бірақ ол қаламай тұр, – деді жәбірленуші тараптың туысы Евгения Кайрис.

Күдікті марқұмның 13 жасар қызының мойнына бес рет пышақ сұққан. Аяқ асты жетім қалған қызға енді ұзақ уақыт оңалту жұмысы жалғасады. Марқұмның туыстары жазадан бөлек, айыпталушы жақтан келтірілген моральдық шығын үшін 30 миллион теңге талап етіп отыр.

Райгүл Еншібай, Жомарт Құдайбергенов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қостанайда құрылыс краны құлады: бір адам қайтыс болды

Новости партнеров