20 жастағы павлодарлық қызды бірнеше рет кірпішпен ұрған ер адам қолға түсті. Бұл туралы өңірдің полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Анықталғандай, күдікті жәбірленушінің ұялы телефонын тартып алмақ болған. Жымысқы әрекетін іске асыру мақсатында тұрғынның ізіне түсіп, үйдің кіреберісіне жеткенде тап берген. Сол сәтте қыз баланың басына кірпішпен соққы жасап сұлатпақ болған. Оның бұзақы әрекеті сол маңдағы бейнебақылау камерасына түсті. Бет-әлпеті де анық көрінген. Күдіктіге қатысты тергеу қарақшылық шабуыл дерегі бойынша жүріп жатыр.
«Күдікті қолға түсті. Оның 27 жастағы Павлодар қаласының тұрғыны екені анықталды. Қаладағы уақытша ұстау қапасына қамалды. Осыған ұқсас өзге қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеріп жатырмыз», – деді облыстық ПД бастығының орынбасары Рашад Өтеуов.