Бірақ Салтанатты қасақана өлтіруді жоспарлады деген айыппен келіспеді
«Ешкімнің басына мұндай қайғы, жаза тілемеймін». Сот залында Қуандық Бишімбаев соңғы сөзін айтты. Экс-министр әйелінің қазасына қатты қайғыратынын айтып, іштегі өкінішін жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұған дейін сотталушы азаматтық некедегі әйелін ұрып-соғып, ауыр соққы жасағанын мойындады. Алайда Салтанатты қасақана өлтіруді жоспарлады деген айыппен келіспеді. Мейрамханадағы болған жағдайды жасыруға да оқталмағанын айтты. «Ал сол күнгі бейнежазбаларды Байжановқа өшірткендегі мақсатым – біздің ұрысты басқалары көріп, желіге тарап кетпегенін қаладым» деді Бишімбаев.
– Осы жағдайдан соң әлеуметтік желіде, барлық жерде мені бірталай сөкті. Мені ауыртпалықты сезінбейтін, жүрексіз адам деп те атады. Салтанатты жамандағаным үшін мен туралы теріс пікірлер айтылды. Бірақ мен өзім білетін шындықты айттым. Өзім де осы жағдайды күтпедім, қабылдай алмадым. Бұл әрекетім үшін күн сайын өкінемін. Істеген ісім үшін кез келген жазаны көтеруге дайынмын, – деді сотталушы Қуандық Бишімбаев.
Тараптардың бүгінгі жарыссөзінде Бишімбаевтың қорғаушылары да сөз алды. Адвокат Ерлан Ғазымжанов экс-министрдің әйелін өлтіру ойы болмағанын дәлелдеп бақты. Оның айтуынша,ойын қасақана жүзеге асырғысы келсе, басқа әдіс қолданатынын жеткізді.
– Егер Бишімбаевтың Салтанат Нүкенованы өлтіргісі келсе, сол күні онымен концертке барып, артынша мейрамханаға келіп, қарым-қатынасын түсінуге тырыспайды. Таңға дейін гастроорталық қызметкерлерінің көзінше екеуі сөйлеспейтін еді. Бір нәрсені анық түсіну керек. Қылмыс қасақана жасалмаған. Егер Бишімбаев кісі өлтіргісі келсе, оны өз қолымен істер ме еді? Ешкімге білдірмей киллер жалдап-ақ Нүкенованы өлтірер еді, – деді Қ. Бишімбаевтың қорғаушысы Ерлан Ғазымжанов.
Оқи отырыңыз: Бишімбаевтың ісі: сот залында айыпталушының жақтастары соңғы сөзін айтты