Костенко шахтасында төтенше жағдай жарияланды

04.05.2024 01:11

Конвейерлік трасса учаскесінің электр дәнекерлеушісі Айбар Қосанов апаттың алдын алған

Almaty.tv

Осыдан алты ай бұрын 46 адамның өмірін жалмаған Костенко шахтасында өткен түні тағы да төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Апат кеше кешкілік сағат 19:45–те басталған. Куәгерлердің сөзіне сүйенсек, шахтаны көк түтін басып, жұмыскерлер әбден әбігерге түскен. Әп-сәтте кеніштегі жағдайдан хабардар болған кеншілердің туыстары да жанымызды қоярға жер таппадық деп отыр. «Жарты жыл бұрынғы 46 адамның өмірін жалмаған ауыр апат санамыздан әлі өшпеді» деген олар жағдай қайталана ма деп қорыққан.

– Шахтада ағам бар. Осы жерде тұрып, жер бетіне шыққанын күтемін. Төтенше жағдай жарияланғанын ата-анамнан естідім, олар маған өрт болды деп жазды. Мұндағылар бәрі жақсы дейді. Десе де, өз көзіммен көруім керек. Қаншама адам келіп тұр. Бәрінің ойлайтыны – туыстарының амандығы, – деді қала тұрғыны Әділ Құдайбергенов.      

Түтін басылмай қойған соң қызу жұмысты амалсыз тоқтатқан 187 кенші жер бетіне шығуға мәжбүр болған. Алдын ала болжамға сүйенсек, төтенше жағдайға төменгі төсемнің ролигіне бөгде заттың түсіп, жұмысты тоқтатып тастауы себеп болған. Содан конвейер лентасы бықсыпты.

Айта кетейік, азаматтарды құтқаруға кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметінің 6 бөлімшесі жұмылдырылған.

– Біз төменге түсіп, әріптестерге төтенше жағдайды жою жоспарын айттық. Авариялық жағдай болғандықтан, бәріміз бірден сыртқа шықтық. Қазір комиссия жұмыстарды тексеріп жатыр. Өте қорқынышты сәт. Алаңдап отырмыз, – деді кенші Василий Зиновьев.    

Белгілі болғандай, конвейерлік трасса учаскесінің электр дәнекерлеушісі Айбар Қосанов апаттың алдын алған. Ол өрт сөндіру құралдарын пайдаланып, сол арқылы түтінді жойған.  

Мақсат Бейсенаев, «Алматы» телеарнасы, Қарағанды

Оқи отырыңыз: Су тасқынынан зардап шеккен 50 мыңға жуық адам үйіне оралды