Интернет-алаяқтардың құрыққа түсіру тәсілі қандай

Almaty.tv
Almaty.tv
Құзырлы орган өкілдерінің дерегінше, 20 мыңнан астам адам алаяқтардан зардап шегіп отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде интернет-алаяқтық 10 есе өскен. Бұл – соңғы 7 жылмен салыстырғандағы көрсеткіш. Үш айда 3 мыңнан астам жағдай тіркеліпті. Нәтижесінде оңай олжа тауып үйренген әккілер азаматтардың 4 млрд теңгеден астам қаржысын қалталарына басып үлгерген. Бұл туралы ІІМ Криминалдық полиция департаментінің мамандары мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Олардың мәліметінше, қазір алаяқтардың құрыққа түсіру тәсілі өзгерген. Олар өздерін банк қызметкері, құқық қорғау және басқа да мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстырып, қоңырау шалатын көрінеді. Бүгінге дейін байланыс операторлары осындай 44 миллионнан астам қоңырауды анықтаған.

– Телефон арқылы сөйлесу кезінде олар несиені рәсімдеу және жинақтарды сақтау, қайтару мүмкіндігі туралы хабарлайды. Осыдан кейін олар азаматтарға шарттарын айта бастайды. Банктегі қаржылық операцияларға мәжбүрлейді. Алаяқтар өздерін құқық қорғау қызметінің маманы деп таныстырады. Кейде олар форма киіп, бейнеқоңырау жасап, азаматтарды манипуляция жасауға тырысады, – деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай.

Құзырлы орган өкілдерінің дерегінше, қазіргі уақытта 20 мыңнан астам адам алаяқтардан зардап шегіп отыр. Көзге көрінбейтін ұрылар 293 қазақстандықтың атынан онлайн несие рәсімдеген. Киберқылмысқа қатысы бар 2 мыңға жуық адам ұсталып, жауапкершілікке тартылды. Зардап шеккендерге 850 миллион теңге көлемінде шығын өтелген. Мамандар мұндай әрекеттердің негізінен шетелден немесе шетелдік интернет ресурстарды пайдалану арқылы жүзеге асатынын мәлімдеді. Ал былтыр Астанадағы 4 алаяқтық Call-орталықтың жұмысы тоқтатылған.

Оқи отырыңыз: Алматы полициясы алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертті

Новости партнеров