Нұр-Сұлтандықтар арзан айфон аламыз деп алданып қалған

Almaty.tv
Almaty.tv
ІІМ тек жазбаша жауап берді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Нұр-Сұлтандықтар арзан айфон аламын деп алданып қалған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бір қызығы жәбірленушілерді күдікті жоғары лауазымдағы адамның атын жамылып, туысымын деп сан соқтырған екен. Әр адамнан кем дегенде 2 миллион теңгеден алып, Малайзиядан Apple смартфонын тездетіп жеткізіп берем деп сендірген азамат 100 миллион теңгеден астам ақша жинап алған соң ізін суытыпты. ІІМ күдіктіні құрықтаған, алайда тек үй қамақта ғана ұстау туралы шешім шығарыпты. Жәбірленушілер өздерін алдаған азаматты қамау керек деп отыр.

24 жастағы Нұрқанат наурыз айында ағасының танысына 2 миллион теңге берген. Көлігін кепілдікке қойып, қарыз ақша алған оның арзан бағаға айфон алып, Қазақстанда қымбатқа сатамын деген ойы арман болып қалды. Себебі ақшаны алғаннан кейін күдікті ізін суытқан. Кейін анықталғаны, Нұрқанат сияқты саудамен айналысамын деп сан соққандар көп екен. Күдікті жәбірленушілерді алдамас бұрын жақындарының сеніміне кіріпті.

«Бұл телефонның барлығын Есіл сауда орталығынан қомақты сомаға сатып алады да, адамға арзан бағамен әкеліп ұстатады. Сосын ол адам «жақын арада арзан бағамен телефон келеді» деп  оншақты танысына айтады. Олар сол кісіге ақшаны береді», – деді жәбірленуші Нұрқанат.

«Малайзиядан 30 смартфон жеткіземін, соған жедел түрде ақша жіберіңдер» деген екен күдікті. Қаражат картасына түскен соң, жоқ болып кеткен. 50-ге жәбірленуші бар.  Ал адвокат Досжан Кәкімов 4 адамның ісімен айналысып жатыр екен.  

«Жәбірленушілердің көпшілігі әскери адамдар. Менің қолымда нақты 4 адамның ісі бар. Күдіктінің келтірген қаржылай шығыны 100 миллион теңгеден асады. Ең қызығы ол жоғары лауазымда қызмет ететін адамның атын жамылып, алдаған. Қазір күдікті ұсталғанымен, үй қамақта ғана отыр. Мұндай істе қамауға алынуы керек», – деді адвокат Досжан Кәкімов.

Ал ІІМ тек жазбаша жауап берді.

«Алаяқтық дерегі бойынша күдікті ұсталды. Нұр-сұлтан қаласының тергеу соты оған қатысты «үй қамағына алу» бұлтартпау шарасын санкциялады. Күдіктінің іс-әрекеті қылмыстық кодекстің 190-бабы 19-эпизод бойынша сараланды», – делінген ІІМ Баспасөз қызметі хабарламасында.

Қазіргі уақытта күдікті мен оның қорғаушысын іс материалдарымен таныстыру басталды. Енді көліктерін кепілдікке қойып, несие алып, миллиондаған теңгеге қарызға кірген жәбірленушілерге күтуден басқа амал жоқ.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы телеарнасы», Нұр-Сұлтаннан

Новости партнеров