Қарағанды облысында жедел жәрдем жүргізушісіне қол көтерген күдікті қолға түсті. Болған жайтты куәгерлер ұялы телефонға түсіріп алған. Оқиға 26 ақпанда түнгі сағат 01:00 шамасында Теміртау қаласындағы көпқабатты үйлердің ауласында болған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ресми ақпарға сүйенсек, белгісіз біреулер шақыртуға келіп тұрған 45 жастағы жедел жәрдем көлігінің жүргізушісіне дене жарақаттарын келтіріпті. Сондай-ақ бейнежазбада олардың көлік ішін қопарып тастағаны айтылған. Дәрігерлер жүргізушінің өміріне қауіп жоқ екенін жеткізді. Ал полиция бұл жайт бойынша іс қозғап үлгерген.
«Полиция қызметкерлері осы іске қатысы бар 25 және 29 жастағы күдіктілерді ұсталды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде», – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.
Айта кетейік, өңірде жедел жәрдем көлігі жүргізушісін ұру фактісі жыл басынан бері екінші рет тіркеліп отыр. 27 қаңтарда Қарағанды тұрғынының тағы бір қызметкерді ұрып-соққаны ел есінде. Қаладан бой тасалаған күдікті арада 5 күн өткенде 200 шақырым жердегі қыстақта қолға түскен еді.