«Бұрын-соңды ол жігітті көрмедік. Ешкіммен жақын араласпайтын». Ақтауда 3 баласын пышақтап өлтірген 36 жастағы ер адамның көршілері жантүршігерлік оқиға болған күні балаларды әкесімен бірге көліктен түсіп, үйге қарай бара жатқанын көргенін айтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал білім басқармасының мәліметінше, туған балаларын аяусыз өлтірген әке ажырасқан болып шықты. Демалыста көруге алып кеткен екен.
Көршілерінің айтуынша, адам шошырлық оқиға болған үйге күдікті жақында көшіп келген. Сөздерінше, онымен ешкім танысып та үлгермепті. Тек көрші подъездегі Ұлсын апа сол күні балалардың көліктен түскенін көріпті.
«Сол күні таксиден түсіп үйіне кетіп бара жатты. Бұрын-соңды ол жігітті көрмедім. Ешкім танымады. Үш баласымен менің қасымнан өтті. Екі қызының хиджабы бар. Ұлы ізінен келе жатты. Үшеуі келесі подъезге кіріп кетті», – деді көршісі Ұлсын Ақбергенова.
«Кемпірім айтқан соң, сыртқа шықсақ адам толып тұр. Адам айтса нанғысыз. Үйді жақында алған екен. Бұрын басқалар тұратын еді, көшіп кеткен», – деді көршісі.
Ал қалалық білім басқармасындағылар үш баланың Ақтау қаласындағы №30 мектепте қыркүйек пен қараша аралығында оқығанын айтады. Желтоқсанда ерлі-зайыптылар ажырасып, анасы балаларымен бірге Атырауға көшкен екен. Онда олар Шоқан Уәлиханов атындағы мектепте 5, 3 және 1 сыныбында оқыған. Демалысқа шыққан балаларын әкесі Ақтауға уақытша алып кеткен көрінеді. Асқан қатыгездіктен көз жұмған 2 қыз бен бір ұлдың есімдері - Амина, Айша, Әбдірахман.
«2011, 2014 және 2016 жылы туған кәмелетке толмағандарды өлтірді деген күдік бойынша полиция 36 жастағы әкесін ұстады. ҚР ҚК 99-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жедел тергеу іс шаралары жүргізілуде», – деді облыстық ПД Ішкі және сыртқы коммуникация бөлімі бастығының міндетін атқарушы Әйгерім Ибатуллаева.
Әлеуметтік желіде күдіктінің фотосы тарап, оның Бейнеу ауданының тұрғыны екені айтылуда. Кейбір мәліметтерде күдікті жат діни ағымның мүшесі болған деген дерек те айтылып жүр. Мұндай жағдайға ересектер арасындағы жанжал себеп болуы мүмкін деген болжам да айтылды. Қазір бұл іске қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр.
Жазира Қуанышбекқызы, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы, Ақтау