Елімізде шетелдік автокөліктерді заңдастыру басталғалы 2 айдан асты. Бірақ әлі күнге құрастырмалы көліктерді тіркеудің нақты шарттары әзірленген жоқ. Үкіметтің бұл салғырттығына халыққа қызмет көрсету орталығының табалдырығын тоздырған жүргізушілер наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әр өңірден жиналған темір тұлпар тізгіндеген азаматтардың айтуынша, шетелдік көліктерді заңдастыруды жетілдіру қажет, бастаманың шикі тұсы көп. Соның бірі елге қосалқы бөлшек түрінде әкелінген «конструктор» көліктердің сатылымына салынған тыйым екенін айтады. Иесі бар жиғанына шекара асып, автомашинаны жеткізгенімен оны басқа адамға сата алмайды. Заң жобасындағы бұл норманы қарастырғанда осы жайтты ескермеген.
«Халықаралық сауда ұйымдарының көлікке қатысты шектеу турлы заңдық нормасы бар. Ол нормада былай көрсетілген: Бұл көліктерді шетелге шығаруға болмайды. Бірақ Қазақстан ішінде сатыла береді. Егер шетелге шығатын болса, кедендік баж төлеп шығады. Біз сол норманы пайдалануымыз керек деп санаймыз», – деді Ақтөбе облысының тұрғыны Еркебұлан Құлбасов.
Елге сайман түрінде әкеп, қолдан-қолға өткен құрастырылмалы көліктер мәселесін министрлік өкілі былай түсіндірді. Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, қазір қосалқы бөлшек ретінде әкелінген темір тұлпарларды заңдастырудың шарттары пысықталып жатыр. Үкімет әзірлеген қаулы қоғамдық талқылаудан өтті. Жобаның қорытындысын шығарып, түпкілікті бекіту үшін мемлекеттік ұйымдарға жолдау керек.
«Өтініштер барлық Халыққа қызмет көрсету орталығында және электрондық сервис арқылы қабылданады. Сондай-ақ азаматтарға арналған электрондық үкімет порталында және екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларында қолжетімді. Заңдастырудың негізгі критерийлеріне көлік құралының сәйкестігін алдын ала тексеру процесі толық автоматтандырылған», – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.
ІІМ аталған көлік түрлерін тіркеудегі басты талап – олардың жол қозғалысында қауіп тудырмауын қадағалау. Сол үшін де заңдастырылмас бұрын, олардың техникалық жағдайына зер салынады. Министрлік ақпарынша, қазір елде құрастырмалы көліктер саны 1,5 мыңнан асады.
Қазақстанда шетелдік көліктерді заңдастыру мерзімі басталғалы 69 мыңнан аса темір тұлпар тіркеуге қойылды. Оның 67 пайызы елге Ресейден әкелінген көліктер. Екінші орныда 19 пайызбен қазақстандықтардың көбі тізгіндеген армениялық темір тұлпарлар тұр. Ал үштікті қырғыз елі түйіндейді. Айта кету керек, сақтандыру қағазымен жүрген көлік иелерін жазға дейін ешкім тоқтата алмайды.
Камшат Мұхамеджан, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» тееларнасы, Астана