Жаға ұстатарлық жәйт. 27 жастағы Ақтөбе облысының тұрғыны кішкентай қыздарды әлеуметтік желіде алдап, тырдай жалаңаш суретін алып отырған. Озбыр оңы мен солын ажырата алмайтын 7 жасар жеткіншектерді ақша беремін деп сендірген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әлеуметтік желідегі бұл фотолар перзент тәрбиелеп отырған әрбір ата-ананың жағасын ұстатады. 27 жастағы азамат 7 мен 10 жас аралығындағы қаршадай қыздармен әлеуметтік желіде сөйлескен. Кейін алдап, қорқытып, фотосын алған соң, арам пиғылын іске асырған.
«Суретін сұраған. Менің қызым 10 жаста. Ол түсінбеген. Іш киіммен түсіріп жіберген, кофтасымен. Кейін 1 сурет алған соң, іш киімсіз, кофтасыз суретке түсіп, жібер деген. Қорқыта бастаған. Сайтқа қарасаңыз қазақтың қыздар өте көп. 10-11 жас. Одан үлкен емес. Соңы суицидке апарады деп ойлаймын», – деді жәбірленуші
Қаскөй Қазақстанның 5 өңірінде кішкентай қыздарды алдап, ұятты суреттерін тыйым салынған шетелдік сайттарға жариялап отырған. Үстінен бірнеше шағым да түсіпті. Қазір ол қамауға алынып, тергеу амалы жүріп жатыр. Алматы қаласы Алатау аудандық прокуратурасының мәлімдеуінше, ер адам бұрын-соңды да осыған ұқсас әккі әрекеті үшін сотты бола жаздапты. Алайда дәлел болмағандықтан жазадан құтылып кеткен. Енді ол 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
«Аталған факті бойынша біз Алатау ауданының прокуратурасымен ҚР ҚК 312-бабы, 3-бөлігі, 2-тармағымен қылмыстық іс тіркедік. «Жас балаларға қатысты порнографиялық бейнелерді жинау, тарату және жария ету» жайында. Аталған баппен 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Яғни ол қазіргі таңда аса ауыр қылмыс санаттарына жатады», – деді Алатау ауданының прокуроры Ізбасар Масақбаев
Құзырлы орган өкілдері осы қылмысқа қатысты тағы 15 суретті анықтаған. Тексеріс аяқталғаннан кейін бұл дәйектер де іске қосылады. Ал прокурорлардың айтуынша, бесіктен белі шықпаған балалардың мұндай әрекетке білместіктен баруына ересектер тарапынан бақылаудың жоқтығы себеп. Ата-аналарды перзенттерінің әлеуметтік желідегі әрекетін назардан тыс қалдырмауды сұрайды.
Аяулым Көлжігіт, Рустам Аралбаев, «Алматы» телеарнасы