Шетелде табыс тапқысы келген қазақстандықтар шекарадан шыға алмай қалды

Шетелде табыс тапқысы келген қазақстандықтар шекарадан шыға алмай қалды
Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шетелде табыс тапқысы келген қазақстандықтар шекарадан шыға алмай қалды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Себебі виза дайындайтын келісімшарттағы талаптарды орындай алмаған. Шағымданған жұрттың айтуынша, салынған қаражат та түгел қайтарылмай отыр. 

Ақшасын қайтара алмай жүргендердің арасында өзге өңірден келгендер де бар. Олардың айтуынша, қолдағы келісім-шартқа сәйкес, жауапкершілігі шектеулі серіктестік Оңтүстік Кореяға бару үшін оларға виза алып беру керек болған.

«Май айында осы компанияға келгенбіз. Кореяға барамыз деп. Бұл кісілер 100% апарамыз деді. Ақшамызды алды. Кета деді, одан бас тарты. Одан кейін визаны 20 күн күттік. Одан да бас тартты», – деді жәбірленуші Рысбек Қасқарауов.

«Ақшамызды қайтар десек, компанияның бастығы Қанат жоқ. Телефоны жоқ. Көмекші қыздары да жоқ. Біреуі жұмысынан шығып кеткен, біреуі демалыста екен», – деді жәбірленуші Рахат Майлыбаев.

«Easy Visa-ны көріп, Кореяға өткіземіз дегенге сендім. Менің досым Кореяда, соған барайын әрі жұмыс істеу үшін барғым келген. Олар 100% өткізіп береміз деді. 700 мың теңге ақшаңызды берсеңіз болды деді. Несие алып, 700 мың теңге бердім», – деді жәбірленуші Назерке Шыныбекова.

Жиналған жұрттың әрқайсысында келісімшарттан бөлек, 600-700 мың теңге аралығында жасалған төлемнің түбіртегі бар. Компания заңгері 38 адамның ақшасы қайтарылды деп мәлімдеді. Алайда олардың кейбіріне жартысы ғана беріліпті.

«Бәрімен жеке-жеке сөйлесеміз. Бәрін талқылаймыз. Келісімшарт негізінде 7.2 пунктіне сәйкес компания шығыны алынады. Ақша қайтарылады. Бірақ толық емес. Көңілі толмағандар сотқа жүгіне алады», –  деді  компания заңгері Қайнар Увалиев.

Ал полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Бүгінде дерек бойынша Алмалы ауданының тәртіп сақшылары жұмыс жүргізіп жатыр.

«Азаматтардың арызы соталды бірыңғай тізімінде. ҚР ҚК 190-бабы бойынша тіркеліп, «Алаяқтық» дерегі бойынша қазір тергеушілер істі өз өндірісіне алды. Өндіріс аясында міндетті түрде болған жағдайдың толық мән-жайы анықталады. Кінәлі азамат заң шеңберінде міндетті түрде жауапқа тартылады», – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

«Келісімшартқа сеніп, сан соғып қалдық» деген жұрт ақшасын қайтару үшін полициядан бөлек, өзге де құзырлы органдарға жүгінетінін айтты. Бүгін қалалық прокуратураға 14 адам келіп арыз қалдырды.

Оразай Нұртай, Дидар Исаев, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров