|
11.10.2023 | 19:03
921

Оқушы қызын қорлаған – түркістандық ана әділдік іздейді

Қызым қорланды деген Сайрам ауданының тұрғыны 5 ай бұрын арыз жазған

Оқушы қызын қорлаған – түркістандық ана әділдік іздейді Фото: rk-news.com

Түркістан облысында 14 жастағы қызды 11-сынып оқушысы қорлаған. Осылай деп етегі жасқа толған Сайрам ауданының тұрғыны бес айдан бері әділдікке жете алмай жүргенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бет-жүзін көрсетпеуді сұраған келіншек – қорландым деген қаршадай қыздың анасы. Оның айтуынша, 7-сыныптағы қызымен 11-сынып оқушысы сөйлесіп жүрген. Кейін перзентінің жүріс-тұрысы өзгергенін байқап, оны дәрігерге апарған. Соңында полициядан бір-ақ шығыпты. Себебі 14 жастағы жасөспірімнің ауылдасымен жақын қатынаста болғаны анықталған.

– Иә, зорлаған. Қызымның денесін пышақпен кесіп тастаған. «Ешкім дәлелдей алмайды, мамамның да, жездемнің де танысы көп. Істі жауып тастаймын» деп қорқытып отырған, – деді жәбірленушінің анасы.

Қызым қорланды деген Сайрам ауданының тұрғыны 5 ай бұрын арыз жазған. Бірақ құзырлы орган өкілдері әлі күнге дейін қимылсыз отырған көрінеді. Ал ауылдағы шуға шыдамаған перзенті Алматыдағы медресеге кеткен. Жәбірленушінің адвокатының айтуынша, қай есікті қақса да, күдіктіні қолға түсірер құзырлы табылмаған.

– Сайрам аудандық прокурор Тілемісовке шағым жазылған болатын. Осы тергеу жүргізілмей жатыр. Түркістан облысының прокурорына шағым берілген. Бірақ іс Сайрам аудандық ПБ жатыр, – деді жәбірленушінің адвокаты Тимур Сәрсенәлиев.

Ал Түркістан облысының Полиция департаменті бұл іске қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын айтады.

Түркістан облысының Полиция департаменті:

«Бұл факт ҚР ҚК 122-бабының 1-бөлігі бойынша тіркелді. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда және сараптама нәтижесіне сай, заңды процестік шешім қабылданатын болады».

Ал 14 жастағы бойжеткеннің жақындары полиция қозғаған қылмыстық істің бабымен мүлде келіспейді. Олар ҚР ҚК 122-бабының 1-бөлігін 3-бөлігіне ауыстыруын сұрайды.

Гүлмарал Изатқызы, Елдар Жүнісқанов, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысы

Оқи отырыңыз: Ақтауда 16 жастағы қыз көпқабатты үйдің төбесінен құлап көз жұмды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир