Астанада бұрынғы министрдің ісіне қатысты алдын ала сот тыңдалымы өтті. Әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталған сотталушы ешбір кінәні растамады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тыңдалымда алдымен прокурор күдіктінің ісі бойынша бірнеше мәлімдеме жасады. Жаға ұстатарлық деректерді оқып берді. Қуандық Бишімбаев пен марқұм Салтанат Нүкенованың некесі ресми түрде тіркелмегенін айтты. Соған қарамастан азаматтық некедегі әйелін үнемі таяқтың астында ұстап келген көрінеді. Жұмыс істеуіне тыйым салып, үнемі телефонын тексеріп отырған. Бірақ Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған айыптың біреуін де мойындаған жоқ.
– Өзіме тағылған айыптармен келіспеймін. Сот отырысы алқабилердің қатысуымен қаралса. БАҚ өкілдері де сотқа шақырылып, ашық өтуін сұраймын, – деді күдікті.
Бишімбаев ісі бойынша алдын ала тыңдау Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтті. Алқа отырысына екі жақтың туыстары мен жақындары қатысты. Сот залы журналистер қауымы үшін жабық болды. Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы «мұндай адам шошырлық жағдайдан кейін күдіктіні бостандыққа жіберу өте қауіпті» деді.
– Ол тағы осындай қылмыс жасалады, осындай күнәні арқалайды. Бұған дейін оның сотталғанын бәріміз білеміз. Қарындасымның өмірін құрбан етті. Көріп тұрсыздар ғой, адамның ұяты жоқ. Еш алаңсыз отыр, кінәсін мойындамайды. Сол оқиғада қателігін түсініп, дереу жедел-жәрдем шақырып, құтқаруға жанталаса, бәлкім, жағдай өзгерер ме еді? Керек болса Жоғарғы сотқа шағымданамыз, – деді С. Нүкенованың ағасы Қайрат Нүкенов.
Тыңдалым 3 сағаттан аса уақытқа жалғасты. Бишімбаевтың қорғаушысы істі прокурордың қайта қарауына жіберуді сұрады. Мұнымен қоса «марқұмның құрбыларын да жауапқа тарту керек» деп ұсынды. Адвокаттың сөзінше, қайғылы оқиға әдейі жасалмаған.
Айта кетсек, былтыр 9 қарашада экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталған. Дүйім елді дүр сілкіндірген оқиға елордадағы «Бау» мейрамханасында болды.
Кәмшат Мұхамеджан, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астанадан
Оқи отырыңыз: Алимент бойынша қарызды қалай өндіріп алуға болады