Жұмбақ өлім: Шымкент түрмесінде жазасын өтеуші көз жұмды

12.09.2024 00:44

Туыстары 37 жастағы жігітті мекеме қызметкерлері "ұрып өлтірді" деп отыр

Almaty.tv

Шымкент түрмесінде жазасын өтеушілердің бірі жұмбақ жағдайда ажал құшты. Туыстары 37 жастағы жігітті мекеме қызметкерлері "ұрып өлтірді" десе, тәртіп сақшылары өлімнің созылмалы аурудан болғанын алға тартты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қайғылы жағдай 7 қыркүйекте болған. Мекеме басшысының сөзінше, бопсалау бабымен үш жарым жылға сотталған ер адам түрмеге түскелі асқазан ауруымен ауырған. Бес рет дәрігерлер көмегіне жүгінген. Соңғы рет 3 қыркүйекте ауруханаға түскен ол көз жұмған. Медицина және түзеу мекемесінің мамандарына қатысты қызметтік тексеру басталды.

– Қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары жүріп жатыр, құзырлы органдар да тексерісті бастады. Ол кісілер бізге сенбейді, "ұрды-соқты"деп түсініп жатқан шығар. Бірақ тексеру қорытындысы шығады, – деді Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты № 54 мекеменің бастығы Серікбай Дүйсенов.

Ер адам темір торға бір ай бұрын ғана түскен. Марқұмның артында 3 баласы мен келіншегі қалды. Ал қылмыстық істің қай бап бойынша қозғалатыны сот-медициналық сараптамасынан соң белгілі болмақ.

Оқи отырыңыз: Бұрынғы күйеуінен зәбір көрген көпбалалы ана құзырлы орган өкілдерінен көмек сұрады