Талай жылдан бері бұрынғы күйеуінен зәбір көрген Алматы облысының тұрғыны құзырлы орган өкілдерінен көмек сұрайды. Оның айтуынша, ер адам ішімдікке салынып, есірткіге тәуелділіктен арыла алмай қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Атын атамауды жөн көрген Құмарал ауылының тұрғыны 5 жыл бұрын ажырасып, қазір 7 бала тәрбиелеп отыр. Бұрынғы күйеуінен қорлық көріп, жасырынып келген әйелдің бірнеше рет қол-аяғы сынған. « өте келе, өміріміз тозаққа айналды деп көзіне жас алған» көпбалалы ана отағасының есірткіге еліріп, тәуелділіктен арыла алмай қалғанын айтты. Қайда қашса да, қыр соңынан қалмайтын ер адам бұған дейін де есірткі диспансеріне жатқызылған. Бірақ ем мен қорғау нұсқамасы ешқандай нәтиже бермеген.
– Ол ішіп, өзгеріп кетті.Ажырасқаннан кейін мен осында кетіп қалдым. Соңымнан келіп, мекен-жайымды тауып алған, тыныштық бермей жатыр. 2017 жылы, 2019 жылы қолымды сындырды, ал төрт жыл бұрын мұрнымды жарақаттады. «Түбіңе жетем, өлтірем» деп айта береді, – деді жәбірленуші.
Жалғызбасты ананың арманы – бұрынғы күйеуін ұзақ мерзімге мәжбүрлі түрде емге жатқызу. Өйткені ол отбасына тыныштық бермей, үйдегі бар құнды затты қолды қылған. Қазірдің өзінде ер адам балаларына 1 миллионнан астам алимент қарыз.
– Өміріме қатты алаңдаймын, екіншіден, балаларыма үшін қорқамын. Ол адамнан бәрін күтуге болады. Мені қорғауды өтінем, оның төлемеген алмиенті бар, – деді жәбірленуші.
Есірткіге елітіп, ішімдікке салынған кісі арнайы наркодиспансерге жатқызылған. Тіпті қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін бірнеше рет әкімшілік жаза арқалап, қамауда отырған. Отбасылық агрессорға қатысты атқарылған шаралар еш нәтиже бермей, оны мәжбүрлі түрде ұзақ мерзімге диспансерге жатқызу үшін жұмыс жүргізіліп жатыр.
– Мәжбүрлі емдеу орталығына жіберу туралы арызданған болатын. Сол арыз қабылданып, Қарасай ауданы Полиция басқармасына тіркеліп, іс-құжаттар жиналды. Қарасай ауданы орталық ауруханасына, наркология бөліміне жіберілді. Шешімі әрі қарай сотқа жолданып, сот қаулы шығарады, – деді Қарасай ауданының учаскелік полиция инспекторы Дархан Тоқтар.
Соттың ұйғарымына сәйкес, ер адам 3 айдан 1 жылға дейін мәжбүрлі емге жатқызылуы мүмкін. Бірақ оның толық сауығып кететініне жәбірленуші сенбейді. Зәбір көрген жалғызбасты ананың жалғыз тілегі – балаларының амандығы.
Әйкерім Пернебек, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы, Алматы облысы
Оқи отырыңыз: Зауыттан арзан тауар аламын: 300-ге жуық адамды алдаған алаяқтарға үкім шықты