Автосалонға көлігіңізді өткізерде абай болыңыз! Себебі алаяқтардың айласына құрық бойламай тұр. Алматыдағы 30-ға жуық адам бірнеше айдан бері сатқан көлігінің қаражатын ала алмай келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алаяқтардың арбауына алғашқылардың бірі болып түскен қала тұрғыны – Қымбат Әбдүмүтәліп. Ол 2023 жылы күзде автосалон арқылы көлігін сатпақ болған.Компанияның жұмысы ешқандай күмән тудырмағандықтан, темір тұлпарын сеніп тапсырып, кейін опық жеп қалғанын айтты.
– «Береке банктен» сатып алады. 10 жұмыс күнінің ішінде есепшотыңызға ақша аударамын» деген. Бірақ аударған жоқ. Қаңтарда істі сотқа беремін. Сот шешімі шықты. Бірақ есепшот бұғатталған дейді. Ал жеке сот орындаушысы тексерсе, бәрі дұрыс, – деді қала тұрғыны Қымбат Әбдүмүтәліп
Осы оқиғадан кейін 1 жылға жуық уақыт өтсе де, аталмыш компания жұмысын жалғастыра берген. Бүгінде алданып, сан соғып қалғандардың саны 30-ға жетті. Олар көлігін онлайн платформа арқылы сатылымға шығарған.
– «Сіздің машинаңызды сатып алатын адам бар, көлікті тексертсеңіз, ары қарай сатамыз» деді. Қолыма сатып алу-сату келісімшартын берді. Тексердім. БИН, бәрі дұрыс деп шықты. Содан кейін қол қойып, машинамды бұларға тастап кеттім, – деді қала тұрғыны Құдірет Дәулет.
Зардап шеккендер, бір ғимаратта орналасқан екі түрлі автосалонға барған. Алайда екеуі де оңдырмапты. Келтірілген залал құны 200 миллионнан асып кеткен.
– Қылмыстық іс 190-баптың 4-тармағымен дәрежеленуі керек. Аса ірі мөлшерде алаяқтық және ұйымдасқан қылмыстық топ бар. Бір жәбірленушіге 17 миллион теңгеден астам залал келтірілген, – деді заңгер Ғабит Өмірбек.
– Аса ірі көлемде алаяқтық дерегі бойынша Медеу аудандық Полиция басқармасына қарасты полиция бөлімінде қылмыстық іс тергелуде. Сезікті ізін суытпай ұсталып Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 328-бабының талаптарына сай, уақытша оқшаулау абақтысына қамалды. Осы дерекке қатысы бар болуы мүмкін басқа да тұлғалар анықталуда. Оларға да қатысты заңнама аясында шара қолданылатын болады, – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Бұл салада 2000 жылдан бері жүрген Қанат Сақан темір тұлпарды автосалонға өткізбез бұрын нені ескеру керек екенін айтып, компаниялардың жауапкершілігін заң жүзінде қадағалау керек деген тұжырымға тоқталды.
– Бұрын көліктердің міндетті түрде шанағын, қозғалтқыш нөмерін тексереді. Ал қазір ол ешкімге керек емес. Соларды қайта енгізу керек, – деді автосарапшы Талғат Сақан.
Автосарапшылар да, заңгерлер де ешқашан көлігіңіздің ақшасын алмай тұрып, оны басқа біреудің атына аудармау қажет екенін кесіп айтып, тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесіне тоқталды.
Рүстем Айткәрім, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Талдықорғандықтар үй іргесіндегі құрылысты тоқтатуды талап етіп отыр