Шымкентте соққыға жығылған 17 жастағы бозбала қайтыс болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Достарымен кездесуге кеткен ол текпінің астында қалып, ауруханадан бір-ақ шыққан. Маятас тұрғын алабындағы жаппай төбелесте басына кірпіш тиген. Дереу ауруханаға жеткізілсе де, ауыр жарақаттың салдарынан бас миына қан кетіп, есін жимай жан тәсілім етті.
Бұл – Түркістан облыстық ауруханасының жан сақтау бөлімінде бас миына қан кетіп қайтыс болған Абзал Өткіровтің туыстары. Оны жаппай төбелес кезінде басына кірпішпен ұрып өлтірген. Марқұмды бір топ жігіт соққыға жығыпты. Абзалдың жарақаттары өте ауыр болып, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше: Науқас Түркістан облыстық балалар ауруханасына 23 мамыр күні түнгі сағат 02.00-лер шамасында түседі. Бас миына қан кеткені анықталған. Жағдайының ауырлығына байланысты 1 маусым күні ес жимай қайтыс болыпты. Қайғыдан екі көзі жасқа толған Абзалдың бауыры тергеу әділ жүргізілмей жатыр деп күдіктенеді.
«Тергеу өте бұрмаланып жатыр, адам өлтіру бабы бойынша іс қозғалып жатқан жоқ. Бұл оқыс жағдай деп, 106-баптың 3-тармағы бойынша іс қозғалып жатыр. Мен адамды жауыздықпен өлтіру бойынша қатаң түрде жазалануын сұраймын. Қатаң режимде немесе өмір бойына қамауды сұраймыз. Мені жалғыз бауырымнан айырып отыр», – деді марқұмның ағасы Алмаз ӨТКІРОВ.
Оқиға орнында Абзалмен бірге 2 досы болған екен. Төбелес ымырт жабылып, қас қарайған мезгілде басталғанын айтады. Қаумалаған жұдырықтың астында қалған жігіт бірден естен танып қалып, Абзалдың қалай мерт болғанын көре алмапты.
«Бардым – ұрды, сосын таспен ұрды. Сөйтіп үшіншісі келіп құлатты мені, үстімнен тепті. Абзалдың келгенін де білмеймін, Абзал негізі машинада отырған еді. Абзал машинада отыра бер деген соң олар қалып кеткен. Ал Абзал мен Ернардың қай уақытта келгенін білмеймін», – деді марқұмның досы Дулат ҚАНЫТБЕК.
Аталған қылмыстық іс бойынша қалалық Полиция департаменті мен прокуратура сұқбат беруден бас тартуда. Ал қалалық тергеу соты 4 күдіктінің сот санкциясымен қамауға алынғанын хабарлады.
«Тергеу судьясы жәбірленушінің жай-күйін зерделеп, зерттей келе, осы қылмысқа қатысты күдіктілердің жасы кәмелетке толмаған 4 күдіктіге таңдалған бұлтартпау шарасына санкция берді. Яғни 2 ай мерзімге қамалды. Енді жасы кәмелетке толмаған соң, 2 ай мерзім қамауда болады. Кепілдік тексеру жүргіздік. Қылмыстық іс аяқталғаннан кейін сотқа жолданады», – деді қалалық тергеу сотының судьясы Сержан АЙНАБЕКОВ.
Марқұмның бауыры жалғыз інісі 15 адамнан құралған топтың қолынан қаза тапқанына сенімді. Қазіргі таңда тек оны ғана тергеліп жатқан көрінеді. Қара жамылған отбасы айуандықпен адам өлтірген адамдар жазасыз қалмаса екен деп тілейді.