18 жастағы бозбала науқас әжесіне көмектесемін деп қылмыскер атанды

Almaty.tv
Almaty.tv
Енді ол өмірінің 7,5 жылын темір торда өткізуге мәжбүр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Науқас әжесіне қаржылай көмектесемін деп, қылмыскер атанды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Есірткі саудасымен айналысқан 18 жастағы жасөспірім қазір өмірін темір тордың арғы жағында өткізіп жатыр. Құзырлы орган өкілдерінің мәліметінше, елімізде нашақорлықпен айналысатын мектеп жасындағы балалар саны азаймай тұр. Бір ғана Алматының өзінде жыл басынан бері 246 қылмыстық іс тіркелген.

Аяғын аңдамай басып, оңбай таяқ жеді. 18 жастағы бозбаланың бар ойы мүмкіндігі шектеулі әжесіне қаржылай көмек көрсетуі болыпты. Достарының кеңесімен интернет желісі арқылы сауда жасауға бекінген. Онысы жай сауда емес, есірткіні заңсыз тарату. Осы қылығы үшін қылмыстық жауапкершілік арқалады. Енді ол өмірінің 7 жарым жылын темір тордың ар жағында өткізуге мәжбүр.

«Басында есірткіні аз-аздан тығып жүрдік. Содан кейін көп мөлшерде тығып, ақша ала бастадық. Басында өте қорқынышты болды, сосын ақша тапқан соң қызығып, қорқудан да қалдық. Мен 3 аптада 104 мың теңге таптым», – деді жасөспірім.

Ол 104 мың теңгенің өміріне өшпестей қара таңба болып басылатынын ойламады. Жеңіл ақша орға жығатынын ол кеш түсінді. Алматыдағы түзеу мекемесінде қазір 36 бала жазасын өтеп жатыр. Бәрі де кәмелет жасына толмағандар. Мұнда олардың мектеп бағдарламысын оқуына, бос уақытында өздеріне ұнайтын іспен айналысуына шектеу жоқ. Түрлі спорттық турнир ұйымдастырылады. Қоғамдық іс-шаралар өткізіледі.

«Жазасын өтеушілер 21 жасқа дейін осы мекемеде қалады, кейін жасы жеткеннен кейін үлкен мекемелерге ауыстырылады», – деді Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің №11 мекеме бастығының орынбасары Гүлшат Нұржанова.

Құзырлы орган өкілдерінің хабарлауынша, елімізде есірткі саудасымен айналысатын мектеп жасындағы балалар саны азаймай тұр. Мамандар мұндай әрекетке аз қамтылған отбасынан шыққандар мен қаржылық жағдайдан қиындық көргендердің көптеп баратынын растап отыр. Бір ғана Алматының өзінде жыл басынан бері осындай 246 қылмыстық іс тіркеліпті.

«238 есірткі саудасы тоқтатылып, 7 есірткі зертханалары жойылды. Нәтижесінде 2023 жылы 20 наурызда есірткі заттардың рекордтық партиясы 15 тонна прекурсорлар мен 200 кг көлемінде дайын өнімдер тәркіленді», – деді қалалық прокуратураның ресми өкілі Нұрсұлтан Жеделбай.

Елімізде 70-тен астам бала нашақорлыққа тәуелділікпен есепте тұр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Синтетикалық есірткіні қолдануға бейім адамдардың жас шамасы 20 мен 34 аралығында. Мамандар мұндай жағдайдың алдын алу үшін қажетті шараларды жасап-ақ жатыр. Десе де, статистика көңіл көншітпейді.

Ұлағат Арғын, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Елімізде қандай қылмыстық істердің саны азайған

Новости партнеров