Жедел-профилактикалық шара аясында кәмелет жасына толмаған балаға шабуыл жасаған күдікті де қолға түсті
Алматыда болған жаппай ереуіл кезінде алаңға шыққандардың қолына металл арматура ұстатқан 6 тұрғын ұсталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті басқарма басшысының орынбасары Дәурен Қозыбақов жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Одан бөлек, жедел-профилактикалық шара аясында кәмелет жасына толмаған балаға шабуыл жасаған күдіктінің ұсталғаны да жарияланды.
«Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық шарасы барысында бұрын жасалған 2 мыңнан астам ауыр және аса ауыр қылмыс ашылды. Іздеуде жүрген 346 қылмыскер ұсталды. Мысалы Алматыдағы жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан, Алматы қаласы мен облысының 6 тұрғыны ұсталды. Олар құқық қорғау органдары мен әскери қызметшілерге қарсы шығу үшін ереуілге қатысушыларға металл арматура таратқан», - деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма басшысының орынбасары Дәурен Қозыбақов.
Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек бұдан былай елімізде заңсыз жұмыс істейтін қоғамдық көліктер мен такси қызметінің бақылауға алынатынын жеткізді. Ол сондай-ақ қазақстандық кәсіпорындардың 60 млн теңгеден астам қаржысын алаяқтық жолмен қолды еткен айыптының Дубайда ұсталғанын мәлімдеді.
«Ведомство соңғы үш айда Интерпол жұмысының нәтижесінде Испания, Ресей, Бахрейн, БАӘ, Грузия, Венгрия және тағы басқа елдерден түрлі қылмысы үшін іздестіріліп жатқан 16 адам анықталып, ұсталды. Мысалы қаңтар айында Венгрияда хакерлік әрекеттер арқылы ақша ұрлағаны үшін Алматы полициясы іздестірген румыниялық азамат ұсталды. Шығын сомасы 9 млн АҚШ долларынан асады. Қазір оны Қазақстанға беру мәселесі шешіліп жатыр», - деді ҚР ІІМ өкілі Шұғыла Тұрлыбек.