Ұлытау облысында патронаттық тәрбиешіге қатысты сот үкімі шықты. Бұған дейін оның 12, 14 және 8 жастағы үш баланы қамқорлығына алып, алты жыл бойы қинап келгені мәлім болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айыпталушы балаларды Жезқазған қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан шаруа қожалығында жұмысқа жегіп, мал бағуға мәжбүрлеген. Сонымен қатар 3 бала үшін жәрдемақыны 5 жыл бойы ала отырып, балаларды асырап-бағу міндетін орындамаған. Сотталушы кінәсін жартылай мойындады. Бірақ куәгерлердің айғақтары мен сараптаманың қорытындысы істің ақ-қарасын түгел ажыратуға сеп болған. Бүгін сол істің соңғы нүктесі қойылды.
– ҚК 110-бабының 2-бөлігіндегі 1,2-тармақтарындағы 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза, ҚК 142-бабы бойынша 1 жыл мерзімде бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалсын. ҚК 58-бабының 3-бөлігіне сәйкес қылмыстардың жиынтығы бойынша онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы түпкілікті 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындалсын, – деді Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әйкерім Ержанова.
Іске қатысы бар білім беру ұйымдары мен отбасылық денсаулық орталығы, сондай-ақ уақытша ұстау изоляторының қызметкерлеріне де 1 ай мерзімде тиісті шара қабылданатын болды. Аталғандар процесс барысында олқылық жібергені үшін жауапқа тартылмақ. Ал облыстағы балалар құқығын қорғайтын уәкіл кінәлі азаматқа берілген жазамен келіспейді.
– Куәгерлердің барлығы сұралды, қаралды. Барлық зат сот отырысында көрсетілді. Зерттелді, зерделенді. Бұл кетіп жатқан қателіктер де сот барысында айтылып жатыр. Прокурордың сұрауымен 7 жыл мерзім сұралған болатын, сот шешімімен 110 және 142-баптармен 4 жыл тағайындалды. Менің ойымша, өте аз деп ойлаймын, – деді облысы бойынша балалар құқығын қорғау уәкілі Гүлмира Жаппасова.
Сотталушы кінәсін ішінара мойындаған. Ол жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейді. Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысы
Оқи отырыңыз: Қоқыс өңдеу зауыттарының бірінде сәбидің мәйіті табылды