Түркістан облысының полицейлері 150 миллионнан астам теңге тұратын жылқыларды ұрлаған барымташылардың қылмыстық тобын ұстады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Аталған топ ұзақ уақыт бойы мал ұрлаумен айналысып келген. Оларды ұстау мақсатында тәжірибелі қызметкерлерден арнайы топ құрылған. Жедел іздестіру шаралары барысында Қазығұрт ауданының екі азаматы тұтқындалды.
«Олардың қазіргі таңда 14 мал ұрлығына қатыстылығы анықталды. Ол яғни, Сарыағаш ауданында 5 дерек, Қазығұрт ауданында 7 дерек, Төлеби ауданында 2 дерек. Жалпы жәбірленушілерден 300-ге жуық жылқы ұрланған. Оның 70-ке жуығы заңды иегерлеріне қайтарылды. Келтірілген шығын 150 миллион теңгеден астам», – деді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов.
Тәртіп сақшыларының сөзінше, қылмыскерлер жылқыларды ұрлағаннан кейін қораға тығып, арасын суытқан соң мал базарларында сатқан және етке өткізіп отырған. Бұдан бөлек, тінту барысында күдіктілердің бірінің үйінен 2 дана заңсыз қару мен 8 түп қарасора тәркіленген. Екі күдікті қамауға алынды. Тағы бір күдікті соттың санкциясымен кепілге жіберілген. Оларға қатысты мал ұрлығы, заңсыз қару сақтау және заңсыз есірткі егу сынды қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.