|
13.06.2023 | 19:40
7668

Мүгедек азаматты 2 млн теңге үшін екі жерінен пышақтап өлтіріп кеткен

Қарақыстақ ауылы бүгін қара жамылып, қырыққа келіп кісі қолынан қаза тапты деген марқұмның денесін жер қойнына тапсырды

Мүгедек азаматты 2 млн теңге үшін екі жерінен пышақтап өлтіріп кеткен Almaty.tv

«Екі миллион теңге үшін екі жеріне пышақ тығып өлтірген». Алматы облысы Қарақыстақ ауылында 40 жастағы мүгедек азаматтың мәйіті табылып, тұтас елдің есін алды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Марқұмды жылдар бойы жанында жүріп жақынына айналып кеткен 18 жастағы азамат өлтірді деген күдік бар. Ал кәмелетке толмаған бес баласы боздап қалған боз үйден бүгін жаназа шықты.  

Қарақыстақ ауылы бүгін қара жамылып, қырыққа келіп кісі қолынан қаза тапты деген марқұмның денесін жер қойнына тапсырды. Қабырғасы қайысқан отбасыға ортақтасып келген халық қалың болды. Ал марқұмның жақындары 11 маусымда ақша үшін ажал құшқан бауырын қинап өлтірді деген пікірде.

«Бауырым – екінші топтағы мүгедек. Кәмелет жасына толмаған 5 баласы, кәрі әке-шешесі бар. Аяқ киімінің бауын бір қолымен ұстап, тісімен байлап жүрген. Кінәлілер алыстан келген жоқ, қасында мал бағып жүрген балалар болуы мүмкін», – дейді марқұмның ағасы Бекмұрат Нүсіпханов.

Қорқынышты кадрларды мәйітті тапқан кезде жақындары жазып алған. Жейдесі жыртылып, қанға малынған денесін ауыл шетіне итше тепкілеп тастап кетіпті, дейді жездесі. Соған қарағанда алдын ала өлтіріп, кейін осында әкелген болуы мүмкін деп отыр.

Тірнектеп жиған ақшасына көз сүзіп жүргендерде болды деген жұбайы бұған дейін де күйеуінен ақша алғандар барын айтты. «Берсе жолынан, бермесе қолынан» алғысы келгендер шотында жатқан 2 миллион теңге ақшаны көріп, ізіне түскен дейді. Тіпті әлгі кісі өлтірді деген күдікті «о баста хабарсыз кеткен жарымды бізбен бірге іздесті» деп жағасын ұстады.

«Бір рет 2 мың теңге, екінші рет 3 мың теңге сұрады, бердім» деп жүрген. Інісіндей көріп, сеніп жүрген қасындағы адам өлтіріп кетіпті», – деді марқұмның жары Алтынгүл Пияшы.

«Кемтар баламды 40 жасында өлтіріп кетті. Ақшаны бер, өлтірмеймін десе, сол ақшаны мен-ақ берер едім ғой. Баламды өлтіргенше, мені неге алмады?! Қылмыскерлерді ұстап жазаласын. Менің айтарым осы», – деді марқұмның анасы Күлия Жақыпбек.

«Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі бойынша аудандық полицияда тіркелді. Жедел іздестіру барысында полиция қызметкерлері ізін суытпай 2004 жылғы күдіктіні анықтап, ұстады. Қазіргі таңда сот медициналық сараптама тағайындау арқылы барлық қажетті тергеу амалы жүргізілуде», – деді ПД баспасөз хатшысы Ернар Сайділдин.

Ұсталған адам Жамбыл аудандық полицияның уақытша ұстау изоляторында қамауда екен. Алайда адам өлтіруге оңай жолмен ақша алып қалу көп себептің бірі болуы мүмкін деп болжайды.

Әлібек Шынтемір, Ернар Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир