Алданып қалдық: Қазақстанда тағы бір қаржы пирамидасы анықталды

Almaty.tv
Almaty.tv
Бүгін 50-ге жуық азамат «Astex» компаниясына келіп тендерге салынған ақшаларын қайтаруды талап етті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Astex» инвестициялық компаниясына тендерден пайда көремін деп ақша салған мыңға жуық салымшы миллиондаған қаржысын қайтара алмай әлек. Бүгін алданып қалдық деген елу шақты азамат компанияның бас кеңсесіне барып, қаржыны қайтаруды талап етті. Ал мұның бәрін ұйымдастырып жүрген азаматтың қазір қайда екені белгісіз. Жағдайдың мән-жайын Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін біліп келді.

Бүгін 50-ге жуық азамат «Astex» компаниясына келіп тендерге салынған ақшаларын қайтаруды талап етті. Жиналғандардың сөзінше, инвестициялық компанияға бір топ азамат мемлекеттік сатып алуларға қатысу үшін қаражат жинайды. Бірлесіп ақша жинау туралы кесілім-шарт жасасады. Бірақ пайыздап пайда көруді көздеген салымшылардың бұл жоспары көкке ұшқан. Қарапайым салымшылармен бірге арада делдал ретінде компанияға инвесторларды тартумен айналысқан агенттіктің директоры да алданып қалдық дейді. Оның сөзінше, мұның бәрін ағайынды екі азамат алдын ала ұйымдастырған.

«Біз осы компанияға инвестиция тарту үшін агенттік ретінде 2020 жылы жұмыс істеуге кірістік. Сол кезде «Astex» компаниясының негізін қалаған Алмас пен Шыңғыс Құрманғалиевтермен келісім-шартқа отырдық. Сосын аяқ астынан Алмас ақшаны жинап алып сол күйі жоқ болып кетті. Енді келіп Шыңғыс Құрманғалиев пен оның отбасы бұған еш қатысымыз жоқ деп сытылмақшы. Мен өзім 20 миллион теңге салдым. Біз арқылы тағы 160 адам ақша салды. Мыңнан астам адам зардап шегіп отыр», – деді «Mudarabah Capital» компаниясының бас директоры Руслан Бурканов.

Салымшылар әбден қарызға баттық дейді. Компанияның жарнамасы жер жарған соң бар ақшаны беріп сеніп қалдық деп сан соғып отыр.

«Әлеуметтік желілерде, әсіресе елге танымал адамдар бұл компанияны белсенді жарнамалай бастады. Одан бөлек Шыңғыс Құрманғалиевтің өзі осы тендермен жұмыс істеуді үйретті. Толық сенген соң көлігімді сатып ең минималды 5 миллион теңгемді салдым», – деді салымшы Александр Угай.

«Мен бұл жерде кейбір салымшылардың өкілімін. Бұл жерде ағайынды Құрманғалиевтардың іс-әрекеттерінде менің өзімнің жеке пікрім адамдардың сеніміне кіріп, қаржылық пирамида құрған қылмыс құрамы бар деп өзім есептеймін», – деді заңгер Шалқар Медетбеков.

Зардап шеккендердің сөзінше компания Алмас Құрманғалиевтің атында. Бірақ оның қазір қайда екені белгісіз. Бауырының былығын шешуге келдім деген Шыңғыс Құрманғалиев компанияға қанша адам және қанша сомада салым салғанын білмеймін деп ақталды.

«Мен өз бауырыма көмектесуге дайынмын. Бірақ ол үшін тағы уақыт пен арнайы график керек. Мысалы, сомаларды 1 немесе 1,5 жылға бөлуге болады. Мен төлемдерді тезірек жабуға тырысамын. Ол үшін араларыңыздан комиссия құруды ұсынамын», – деді Шыңғыс Құрманғалиев.

Инвесторлар пайыз тұрмақ ең болмаса салынған соманың өзін қайтарып алсақ дейді. Ол үшін компанияға арыз түсіріпті. Қазір тергеу жұмыстары басталып кеткен.

«2021 жылдың 27 сәуірінде бір топ азамат Алматы қалалық полиция депатртаментіне  қаржылық пирамида құру және басқару бойынша ұжымдық өтінішпен жүгінген болатын», – деді қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Бар мүлкін тендерге салып жібергендер енді Шыңғыс Құрманғалиев айтқан сөзін орындайды деп тағы үміттенді. Егер олай болмаған жағдайда, соттасып соңына дейін баруға әзір.

Назкен Еркін, Ғани Қалуов «Алматы» телеарнасы.

Новости партнеров