|
28.04.2023 | 19:43
9446

Серік Күдебаевтың ісіне қатысты соңғы нүкте қойылды

Бас прокуратура «өз еркімен берілді» деген ақпаратты жоққа шығарды

Серік Күдебаевтың ісіне қатысты соңғы нүкте қойылды Almaty.tv

«Қашқын» генералдың ісіне қатысты соңғы нүкте қойылды. Бүгін Талдықорған қаласында Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығына қатысты сот үкімі шықты. Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған Серік Күдебаев енді 10 жылын түрмеде өткізуі тиіс. Шетелге қашып, халықаралық іздеуде жүрген ол Ыстамбулда ұсталды деген ресми ақпар тарады. Десе де, оның ұлы мұнымен келіспеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі

Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Серік Күдебаев қарулы күзетпен өзі күзетуі тиіс болған департамент ғимаратынан кетіп қалған. «Ол өзіне сеніп тапсырылған учаскедегі құпия құжаттар, мүлік және қару-жарақты қараусыз қалдырды» деп айыпталды. Бұған дейін сот талқылауында прокурор оны 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Серік Күдебаевқа қатысты үкім 3 сәуірде шығуы керек болған. Алайда генерал елден қашып кеткендіктен, сот процесі уақытша тоқтатылған. Оның Бішкектегі «Манас» әуежайынан Ыстамбұлға ұшып кеткені анықталды. Араға біршама уақыт салып, 27 сәуір күні Күдебаевтың ұсталғаны туралы ресми ақпар тарады. Дегенмен, оның ұлы өз еркімен берілгенін айтады.

«Кенже інім Асанбекке хабарласып «мен еліме қайтып бара жатырмын, мен сендерді жақсы көремін, еліме ораламын. Мен қазір хабарластым, мені алып кетеді» деп айтыпты. Ал бұқаралық ақпарат құралдарында ұстадық деп жазып жатыр», – деді С. Күдебаевтың ұлы Арман Мырзақұлов.

Бас прокуратура «өз еркімен берілді» деген ақпаратты жоққа шығарды. Оған қоса, «Серік Күдебаев Ыстамбұлдың тұрғылықты тұрғыны атану үшін тиісті құжаттарды рәсімдегісі келді» дейді. Тек, үлгермеді. Бүгін Талдықорған сотына күштеп жеткізілген Алматы облыстық полиция департаментінің экс-басшысына қатысты процесс өтті. Ол соттағы соңғы сөзінде кінәсін мойындамайтынын жеткізді.

«Айттым ғой, рақмет!  Мен кінәлі емеспін. Халқыма қарсы оқ атпадым. Азаптау болмады. Жәбірленушілер жоққа шығарады. Рақмет», – деді сотталушы Серік Күдебаев.

Айтқан соңғы сөзі судьяға сенім ұялатпаса керек. Біршама уақытқа ақылдасу бөлмесіне кеткен Әбділлә Үмбетай үкімді оқыды.

«Сот үкімімен Серік Мырзақұлұлы Күдебаев Қазақстан Республикасы ҚК-нің 362-бабының 4-бөлігі, 146-бабының 2-бөлігінің 1-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, ҚК-нің 362-бабының 4-бөлігімен жаза тағайындалды. Ол 10 жыл мерзімге құқық қорғау органдарында және мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 10 жылға бас бостандығынан айырылсын», – деді Талдықорған қалалық сотының төрағасы Әбділлә Үмбетай.

Күдебаев жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейтін болады. Бұдан бөлек, сот Президент атына полиция генерал-майоры атағы мен мемлекеттік наградаларынан айыру туралы ұсыныс енгізді.

Жадыра Омаржан, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир