Жаза қатаңдатылады: балаларды соққыға жыққан күдікті ұсталды

Almaty.tv
Almaty.tv

Балалар мен әйелдерге жасалатын қорлықтан қорғау туралы заң жобасы таныстырылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанадағы тұрғын үйлердің бірінде соққыға жығылған жеткіншектер далаға шығуға қорқып қалған. Ер адамнан зәбір көрген балалардың ата-аналары оқиғаның ертесіне баланың іші бүріп ауырғанын айтты. Ал күдікті қазір ұсталып, оның үстінен бұзақылық бабы бойынша іс қозғалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

30 жастағы ер адам үш баланы ұрып, теуіп, қылқындырғаннан кейін еш алаңсыз пәтеріне барып жатып қалған. Іле-шала соққыға жығылған балалардың ата-аналары полиция шақырып, күдікті тұратын пәтердің есігін қағады. Алайда үйден еш жауап болмаған соң, төтеншеліктерге есікті бұзып ашқан.

– Есікті бұзып кірді. Пәтерде үш адам болды. Олар ұйықтап жатқанын айтты, – деді ПИК төрағасы Аслан Өмірбеков.

Ал осы кісіден зәбір көрген балалардың біреуінің беті көгерген, енді бірінің мойны қызарып, үшіншісінің ішкі құрылысына зақым келген. Алғашында ауырмағанымен, ертесі жеткіншек орнынан тұра алмай қалған.

– Балам камераға түспей қалған. Бірақ Богданды ұрған соң, менің баламд да артқа шегіне бергенде ішінен ұрған. Бірден рентгенге түсірдік, айтарлықтай ештеңе байқалмаған. Бірақ бүгін таңертең жылап, бүрісіп жатыр, – деді жәбірленушінің анасы Маржан Елікбаева.

Бүгін Мәжіліс депутаттарына балалар мен әйелдерге жасалатын қорлықтан қорғау туралы заң жобасы таныстырылды. Құжаттың тұсауын кескен Жұлдыз Сүлейменова заң жобасында кәмелетке толмаған адамды азаптағаны, денсаулығына ауыр және орташа зиян келтіргені үшін қылмыстық жазаны қатаңдату қарастырылғанын айтты. Яғни, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілікті 3 жылдан 5 жылға дейін қатаңдату көзделген.  

– Біз ұсынып отырған заң жобасында әкімшілік құқық бұзушылық баптарын алып тастап, Қылмыстық кодекске енгізіп отырмыз. Оның ішінде денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, сонымен қатар ұрып-соғу баптары бар. Қылмыстық жаза қарастырылатын болады, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова.

Бүгін ұсынылған заң жобасында отбасындағы тирандарға қатысты да сөз қозғалды. Мәселен ұрып-соққаны үшін 80 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл түрінде немесе қоғамдық жұмыстарға 80 сағатқа дейін тарту арқылы жаза көзделген. Сондай-ақ жаңа заңда депутаттар жас баланы өлтіргені немесе педофилия үшін өмір бойына бас бостандығынан айыруды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, депутаттар бұл заң жобасын дайындап, өткен жылы қазанда Үкіметке жолдаған. Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, Үкімет қорытындының алғашқы нұсқасында бұл құжатты қолдамаған. Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кірісіп, заңды күшейту туралы тапсырма бергеннен кейін, министрлер кабинеті депутаттардың ұсынып отырған нормаларын қолдаған.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Президент Үкіметті отставкаға жіберді

Новости партнеров