Бір адамның атына 11 көлік рәсімделген. Алаяқтар түрлі маркалы көліктерді қала тұрғыны Жандос Жанғозиннің атына жазғызыпты. Зардап шегушінің айтуынша, автокөліктердің салығы да, жол ережесін бұзғаны туралы айыппұлдары да өз атына келіп түсіп отырған. Бір қызығы, алдап-арбаудың қыр-сырын меңгерген алаяқтар бәрін заң жүзінде ресми түрде рәсімдеген екен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жандос Жанғозин алаяқтардың құрығына қалай түсіп қалғанын білмейді. Атында 11 көлігінің бар екенін, жыл сайынғы көлік салығын неге төлемей жүргенін айтып салық басқармасынан хабарласқанда ғана естіп, төбемнен жай түскендей болдым дейді. Барлық көліктің жылдық салығы 500 мың теңгеден асады. Оны уақытылы төлемегендіктен, банк барлық шотын бұғаттап тастапты. Соның кесірінен тұрақты жұмысқа да тұра алмай жүргенін айтады.
«Қазір менің атымда 12 көлік бар. Бірақ айдап жүргенім бір ғана машина. Басқалары маған тиесілі емес. Өзімнің тізгіндеп жүрген көлігімді 2018 жылы өз атыма жаздырып, сатып алғанмын. Салығын да уақытылы төлеп келемін. Ал көзге көрінбейтін 11 көліктің атыма қалай, қашан рәсімделгенін білмеймін. Алаяқтар түрлі құжатқа менің қолтаңбама ұсқас етіп, қол қойдырып, мөр бастырған», – дейді зардап шегуші Жандос Жанғозин.
Жандос – Павлодар облысының тумасы. Ал заңсыз рәсімделген 11 көліктің бәрі де Алматы облысында тіркелген. Қулығына құрық болмайтындар бұл істі сырттай іске асырып келіпті. Облыстық Полиция департаментігілер қазір бұл іске қатысты қылмыстық іс қолғанын мәлімдеді.
«Облыстық Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасынан көлік құралдарын есепке қоюдың барлық материалдары алынып, қылмыстық іс қозғалды. Дерекке қатысты тергеу жұмыстарының жоспары әзірленген. Тексеріс кезінде тиісті сараптамалар тағайындалып, істі дұрыс шешуге бағытталған қажетті жеделді тергеу іс-әрекеттері жүргізілетін болады», – деді Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әбілтай Әбенов.
Осылайша, Жандос өзін тақырға отырғызып кеткендердің ісін май шаммен қаралуын талап етіп отыр. Бұл іс қанша уақытқа созылатыны, ақыры немен тынатыны да белгісіз. Ал күн санап салығының айыппұлы өсіп жатқан зардап шегуші қомақты қаражатты қалай өтерін білмей әлек.
Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы