|
11.10.2022 | 20:07
6239

Алматы облысындағы зиратта бейіттің шойын қоршауы қолды болды

Қылмыстық іс тіркеліп, тергеліп жатыр

Алматы облысындағы  зиратта бейіттің шойын қоршауы қолды болды Almaty.tv

Алматы облысы Ұзынағаш аулының зиратында жиырма шақты бейіттің шойын қоршауы қолды болып, тас-талқаны шыққан. Жиырма күн бұрын арыз бердік деген шағымданушылардың айтуынша, бұл іске қатысты әлі нәтиже жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алпысты алқымдаған қарт кісі әр жұма әке-шешесінің басына келіп, құран бағыштайды екен. Бірақ бұл жолы келгенімде «жүрегім қарс айырылды» дейді. Әлдебіреулер әкесі жатқан бейіттің шойын темірлерін тонап кетіпті. Айтуынша, бұл жерге немересін де жерлеген екен.

«1984 жылы қойдық мынаны, Адам болса ондай істемейді. Қанша қоршауды алып кеткен, ешкім іздемейді», – деді Ұзынағаш ауылының тұрғыны Марат Қарабаев.

Адамдықтан ада кеткендердің арам ісін ауыл тұрғыны алғаш анықтағанда-ақ полицияға хабарлапты. Алайда арыз жазғанына жиырма күнге таяп қалса да, еш хабар жоқ деп ашулы.

Бейіттің темірлерін сатып, теңгеге айналдырғандар бірнеше темірді кесіп, дайындап қойған секілді. Олардың ауырлығын ескерсек, әлі алып кете қоймапты. Бәлкім арнайы көлік күткен шығар.

«Мынау мұсылман бейітінде қорқынышты жағдай орын алып жатыр. Айтып жеткізудің өзі қиын. Барлық зиратты суретке түсіріп алдым. Арыз бердім. Бұны тоқтатпаса, жалғаса береді», – деді Алматы қаласының тұрғыны Зухра Қарабаева.

Жедел тергеу тобы ұрлық болған жерден тауып алған айғақ заттарды өз назарына алды. Олар арыз түскелі бері күні-түні жұмыс жүргізіп жатқанын айтады.

«Бұл фактісі бойынша биыл 24 қыркүйекте арыз түскен. Ол бойынша біз қылмыстық іс тіркелді, тергеліп жатыр. Шақыруларыңыз бойынша жедел тергеу тобы келді, қазір оқиға орнында жұмыс жасап жатыр», – деді Жамбыл АПБ бастығының орынбасары Жарқын Есжанов.

Моланың мүлкін сатып ақша қылатындар алдымен темір алатын орындарға баруы мүмкін, -  дейді арызданушылар. Алайда біз барған жерде мұндай темірлерді қабылдамайды екен.

Темірі тоналып, қоршаусыз қалған мүрденің біразының иесі әлі табылмапты. Сондықтан полиция бейіті тоналғандардың жақындарын іздеп, оларды хабардар ету керек дейді.

Әлібек Шынтемір, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» теларнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир