Қаржы пирамидасының кесірінен баспанасыз қалған көпбалалы ана көмек сұрайды

Almaty.tv
Almaty.tv
Қаржы пирамидасының арбауына түскендердің көпшілігіне танымал адамдардың жарнамасы ықпал еткен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Қаржымды еселеп қайтарамын» деп баспанасыз қалған көпбалалы ана көмек сұрайды. Бүгінде осындай қаржы пирамидасының құрбаны болғандардың қатары азаймай тұр. Олардың қомақты қаражат салып, опық жеуіне не себеп? Алаяқтардың арбауына түсіп қалмаудың қандай жолы бар? Айыптылар жаза тарта ма? Бұл сұрақтарға Almaty.tv тілшісі жауап іздеп көрген еді.

Айжан Түменова – бес баланың анасы. Оның айтуынша, жақын танысы «Финико» ұйымы туралы ақпар беріп, қызықтырған. Бір айда баспанасын сатып, 20 мың АҚШ долларын өз қолымен апарып беріпті. Үш ай 1000 доллардан алғаннан соң, ұйымның жабылғанын естіген.

«1,5 бөлмелі үйімді сатып, 3 бөлмелі үй алғым келді. Өйткені мен көпбалалы анамын. Сол жағы қызықтырды. Маған қаражат жағы емес, пәтер, көлік дегендері қызық болды. Одан кейін бізге компания не деді? «Болды, ақшаларыңызды қайтарамыз, күтіңіздер, уақыт керек» деді. Күттік. Ешқандай нәтиже болған жоқ», – дейді зардап шегуші Айжан Түменова.

Ал жаңа кәсіп ашамын деп, тірнектеп жинаған ақшасынан бір мезетте айырылып қалған Сұлу «мұндай қадамға қалай барғанымды өзім де түсінбей қалдым» дейді. Қаржы пирамидасы туралы блогер Жанар Байжулдиновадан біліпті. Енді құзырлы мекеме өкілдерінің есігін қағып, көмек беруді талап етеді.

«Бастапқыда мен аз сома туралы ойладым. Содан кейін қаражат мөлшері әлдеқайда өсті. Өйткені сіз 20 мың доллар салсаңыз, айына 4400 доллар аласыз деді. Өз сомаңды 4-5 ай ішінде қайтарып аласың деп уәде етті», – дейді Сұлу есімді зардап шегуші.

«Финико» қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы Ресей азаматы – Кирилл Доронин. Қазір ол тұтқындалып, алаяқтық жасады деген айып арқалап отыр. Ал Алматы қаласы Полиция департаментінің мәлімдеуінше, бүгінде қаржы пирамидасынан зардап шеккен 152 азамат арыз түсірген. Қазір аталған мәселеге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы, алаяқтық бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

Экономист мамандар қаржы салмас бұрын, жіті тексеріс жұмыстарын жүргізу керек деп кеңес береді.

«Қаржы алаяқтығының белгілері – танымал адамдардың белсенді жарнамасы, қысқа мерзімде жақсы пайыздық мөлшерді уәде ету. Халық лицензия талап етуі керек. Немесе қаржы нарығын реттеу комитетінен компанияның қаншалықты заңға сәйкес жұмыс істейтінін білген жөн. Ал құзырлы мекеме өкілдері мұндай жағдайдың алдын алумен айналысуы тиіс деп санаймын», – деді қоғам қайраткері, экономист Айдар Әлібаев.

Айта кету керек, қаржы пирамидасының арбауына түскендердің көбіне танымал адамдардың жарнамасы кесірін тигізген. Осыған байланысты жазда ғана бас прокуратура азаматтарға қаржы ұйымдарын жарнамалауға тыйым салуды және ол үшін Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгеріс енгізуді ұсынған еді.

Жанар Ғаниқызы, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров