Атырауда баланы ұрып-соққан тәрбиешінің ісі сотта қаралады

Almaty.tv
Almaty.tv
Дамуында ауытқуы бар бүлдіршінге жәбір көрсеткен тәрбиешінің әрекеті видеоға түсіп қалған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырау қаласында елді елең еткізген «Алтын балық» балабақшасының тәрбиешісіне қатысты қылмыстық іс сотқа жіберіледі. Ол туралы облыстық Полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Естеріңізге сала кетейік, бірнеше күн бұрын балабақша тәрбиешісінің баланың басынан, денесінен ұрып, құлағын тартып, аяғын күшпен басқан видео әлеуметтік желіде тараған еді. Баланың әкесі құқық қорғау органдарының істі қарауға асықпай, немқұрайлық танытып жатқанына шағымданған  болатын. Оның сөзінше, тергеу бақандай 1 жылға созылған. Ол жауапты органдардан істі бақылауға алуды, кінәлілерді тиісті жазаға тартуды сұрады.   

«Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 110-шы «Қинау» бабымен сот сараптамалар кешені тағайындалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Қазіргі күні балабақша тәрбиешісіне қатысты қылмыстық іс аяқталып, сотқа жолдану жоспарлануда», - деді Атырау облысы ІІД баспасөз хатшысы Гүлназира МҰХТАРОВА.

Айта кетейік, баланың дамуында ауытқу болғандықтан ата-анасына жағдайдың қалай болғанын түсіндіріп бере алмаған. Ал қалалық білім бөлімінің басшысы тәрбиешінің өз еркімен түсініктеме жазудан бас тартқанын хабарлаған еді. Бүгінде бұл іске қоғамдық ұйымдар араласып, әділдік орнауын талап етіп отыр.

«Өткен жылы бізге анасы шағымданған болатын. Алайда айғақтардың дәлелсіздігінен қатты мән бермеген едік. Ал жақында баланың әкесі әлеуметтік желілерге жүктеген бейнежазбадан тәрбиешінің баланы мазақ қылып, ұрып-соққанын анық көруге болады. Және осыдан екі күн бұрын маған тағы бір видеолар жіберді. Онда тек осы баланы ғана тәрбиеші жұлқылап, ұра беретінін байқадық. Біз әділдік орнап, балабақшаның барлық педагогикалық құрамы жаңартылады деп сенеміз», - деді «Нейродетки чудо есть!» ҚБ жетекшісі Лунара МАҚСҰТОВА.

Новости партнеров