Нұр-Сұлтан қаласының полиция қызметкерлері осы іс бойынша 36 жастағы ресейлік әйелді ұстады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ерлі-зайыптының үйінде бала күтуші болып жұмыс істеген әйел үй иелерінің жоқтығын пайдаланып, пәтерден алтын жүзікті, иіссу мен жеке заттарды ұрлап кеткен. Осылайша 400 мың теңгенің заттарын жымқырған.
Жедел іздестіру жұмыстары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің қай жерде жүргенін анықтаған. Белгілі болғандай, ұрлық жасаған әйел жымқырған дүниелерін сатып жіберіп, Алматыға шығып кеткен. Ол жақта да бала күтуші болып жұмысқа тұрған.
Астанаға жеткізілген РФ азаматы кінәсін мойындап отыр. Сонымен бірге оның бұрын да сотты болғаны анықталды.
Аталмыш іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Ұсталған әйелдің осыған ұқсас қылмыстарға қатысының бар-жоғы анықталуда.