Қаржылай жағдайымызды жақсартамыз деп қарызға белшемізден баттық. «Жұлдыздардың» жарнамасына сеніп, қаржылай пирамида құрбанына айналған бір топ алматылықтар ақшасын қайтара алмай әлек. Еліміздің 15 қаласында 50 мыңға жуық адамды сан соқтырғандар қалай жұмыс істеп келген? Тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр ма? Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы тарқатсын.
Бұл – үйімді кеңейтіп, көлігімді ауыстырып, кәсібімді дөңгелетем деп қаржылық пирамида арбауына түскендердің жанайқайы. Олар әлеуметтік желідегі жұлдыздардың «Гарант24», «Эстет» ломбардты жан-жақты жарнамалағанына сеніп қалған. Алғашында ломбард ретінде жұмысын бастаған нысан кейіннен ақша салсаң, жоғары пайызбен қайтарып береміз деп уәде берген көрінеді. Сөйтіп, жеңіл ақшаға құмартқандар арасында ең азы 1 миллион теңгеден, 30-40 миллион, тіпті үйі мен көлігін салып жіберген де бар. Мәселен, Ақкенже Гумарова 3 миллион теңге салдым дейді.
«Үлкен пайызбен қайтарып береміз деп бізге айтты, келісім-шарттың бәрі ресми болды. Оған қоса біздің әртістер, блогерлер жарнамалады ғой. Соның бәріне сеніп, біз ақшамызды салдық», – деді зардап шегуші Ақкенже Гумарова.
Ал қалалық полиция департаменті өкілдері қала бойынша бұл іске қатысты үш ломбард анықталғанын айтты. Олардың ісі бірлескен тергеу жұмыстарын жүргізу үшін Ақтөбе қаласының өңірлік полиция департаментіне жіберілген.
«Алматы қаласы бойынша үш ломбард өкілі қазір Ақтөбе қаласында қамауда. Қазіргі таңда тергеу жұмыстары аяқталды. Айыптылар мен іске қатысы барлар қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр. Алматы қаласы полиция департаментінде ломбардқа қатысты ешқандай іс қаралып жатқан жоқ», – деді қалалық Полиция департаменті басшысының орынбасары Рүстем Әбдірахманов.
Ал мамандар мұндай жағдайға түспеу үшін жеңіл ақшаға қызықпауға шақырады. Мекеменің қаржылай пирамида екенін көрсететін бірінші белгі- салған сомаңыздың үстіне 35 пайыз үстемақы уәде ету. Банктердің өзі депозиттен тек 9-13 пайыз көлемінде үстемақы бере алады дейді.
«Қаржылық пирамида өкілдері әрқашан аз уақытта көп ақша береміз деп сенімді түрде айтады. Ешқандай қауіп-қатер туралы сөз болмайды. Олардың ұсынатын пайыздық үстемақылары да тым жоғары. Өзіңнен кейін адам тіркелсе, одан көп ақша аласың деп те уәде береді. Дәл осы белгілерге қарап, сақ болыңыздар дегім келеді», – деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бас маманы Дмитрий Акмаев.
Әзірге бұл жүйеден нақты қанша адам зардап шеккені белгісіз. Алайда негізгі күдіктілер Ақтөбе қаласында болғандықтан, іс сол өңірде қаралып жатыр екен.
Жанар Ғаниқызы, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы