Темір жол бекеті маңындағы атыс: күдіктілер ұсталып, тергеу басталды

Темір жол бекеті маңындағы атыс: күдіктілер ұсталып, тергеу басталды
Жараланаған 34 жастағы азамат осында машинист қызметкері болып жұмыс істейді екен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда пойыз машинисіне белгісіз біреулер оқ атты. Көліктік полиция басқармасының хабарлауынша, бұл іске бірнеше адамның қатысы болуы мүмкін. Себебі күдікті деп төрт бірдей адам ұсталған. Қазір тергеу жүріп жатыр. Оқиға Алматы-1 темір жол бекеті маңында болған. Мәселені Almaty.tv  тілшісі Ұлағат Арғын зерттеп көрді.

Бұл – Алматы локоматив депосының жұмысшылары жуынып, демалатын орны. Мұндағы қызметкерлердің айтуынша, атыс дәл осы жерде болған. Жараланаған 34 жастағы азамат осында машинист қызметкері болып жұмыс істейді екен. Қазір жағдайы жақсы, екі күн ауруханада ем қабылдағаннан кейін үйіне шығарылыпты.

Алдын-ала мәлімет бойынша қызметкер мен атыс ұйымдастырғандардың арасында бір кикілжің болған. Түсініспеушілікті өзара шешу үшін, қару ұстаған жігіттер сырттан келіп шабуыл жасаған көрінеді. Локомотив депосы басшылығы бұған дейін машинистің теріс мінез-қылығын байқамағанын айтады. Ұжым арасында сабырлы, білікті маман екен. Атыс кезінде ғимаратты бір адам ғана күзеткен.      

«Қазір ол кісі ауырып жатыр, жұмысқа әлі шыққан жоқ. Қауіпсіздік шаралары енді бізде күзет қызметі бізде жеке мердігер компанияға қарайды. Осы оқиғадан кейін басшыларын шақырып айттық, бізге бір күзетші жетпейді, тағы қосуыңызды сұраймыз деп, олар жұмыстар жүргізіп жатыр», – деді Алматы локомотив депосы басшысының орынбасары Мейрамхат Ысқақов.

Локомотив депосы Алматы-1 темір жол бекетінің дәл қасында. Мұнда күнделікті келіп кететін жолаушылар саны көп болатынын ескерсек, қауіпсіздіктің жоғары болуы аса маңызды. Вокзал басшылығы аумақты 200 ден аса бейнебақылау камерасы мен 50-ге жуық қызметкердің күні-түні күзететінін айтады.  

«Сөмкемізде  тексеруден өтеді, сосын өзімізді металл детектормен датчиктер тұрады. Оның қалай жұмыс істейтінін білмеймін, шынымды айтсам. Бірақ шынымен де өту қиынға соғады ғой деймін. Сөмкеде қару жарақ, өткір заттар болса, бәрін қарап отыр ғой», – деді жолаушы Ілияс Метхатов.

«Дәл қазірикірген кезде қатты тексеріс болған жоқ. Кірген кезде «Ашықты» тексерді және сөмкені тексерді», – деді жолаушы Қарлығаш Нұрбекова.

Оқыс оқиға 26 шілдеде түскі сағат 12-лер шамасында болған. Тәртіп сақшыларының хабарлауынша, ұсталған 4 күдіктінің бәрі де жергілікті тұрғындар. Кінәлілер анықталса, 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

«Аталған факт бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. Бірінші 287-бап, қаруды оқ-дәрілерді заңсыз иемдену және 24-баптың 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Атыс кезінде қолданылған тапанша тәркіленді. Қазір ол бұйымдарға сараптама жұмыстары жүргізілуде», – деді Алматы-1 теміржол бекетіндегі желілік полиция басқармасының бөлім бастығы Қуат Шаймерденов.

Айта кетейін, Алматы локомотив депосында мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді. Байқағанымыздай, аумақ мүлдем қоршалмаған. Мекеме басшылығы мұны бұл жерде локомотивпен бірге қосымша жекеменшік ғимараттардың да бар болуымен түсіндірді.

Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы»  арнасы

Новости партнеров