Жамбыл облысында жасөспірімдердің арасында жантүршігерлік жағдай орын алды. Тараз қаласына жақын орналасқан Шөлдала ауылында 8-сынып оқушысы 8 жерден пышақталып қаза тапты. Ауыл арасындағы топтық төбелес осылайша 15 жасар жеткіншектің өмірін қиды. Оқиға қалай болған? Кінәлілер кім? Almaty.tv тілшісі қазалы үйге барып, жағдайды білген еді.
Оралбек енді үйге оралмайды. Буыны қатаймаған баланы туыстары бақилық сапарға аттандырып, жер қойнауына табыстады. Қайғылы жағдай маусымның 12-нен 13-не қараған түні сағат 23:40 шамасында орын алған. 5 балаға 16 жеткіншектің жабылуы салдарынан, 15 жастағы Оралбек Кетебаев 8 жерден пышақ жарақатын алады. 00:40 та ауруханаға жеткізіліп, аурухана төсегінде жан тапсырады. Ал, туыстары медициналық көмек уақытылы көрсетілгенде бала жанын сақтауға болар еді, дейді.
«Қан жоқ, қан керек, қанға баратын адам жоқ, деп жүре бергенше бір әрекет жасамадыңыздар ма деп айттым. Менің қолымның не керегі болды адам жанын сақтау үшін. Біреудің шыжбайлап тастаған сиясы құнды болып тұр ма адамның өмірінен?», – деді марқұм Оралбек Кетебаевтың әкесі Бейсембай Құтышев.
Шөлдала шағын ауданындағы жасөспірімдердің жаппай төбелесі осы каналдың бойынан басталған. Каналдың арғы бетіндегі Береке деп аталатын жаңа тұрғын үйлер кешені мен мына беттегі бұрынғы Химик және Казарма шағын аудынының балалары, жасөспірімдері төбелесті бастаған. Аяғы, міне, адам өлімімен аяқталып отыр.
Осы төбелес кезінде Оралбектің жанында болған ауыл балаларының айтуынша, қақтығыс мектептегі футбол алаңынан басталған. Күндіз ойын кезінде қызға тисіп, ерегесіп, кейін жолығып мәселені жұдырықпен шешпек болған. Салдарынан, бірі өліп, бірінің мұрын сүйегі сынып, ауруханаға жеткізілген. Тағы 3-уі жеңіл жарақат алған.
«Біз қуаладық. Сол кезде төбелес басталып кетті. Орал мен Зенналадин деген баланы көтеріп ана жаққа қарай қаштық. Орал жүріп келе жатқанда жағдайы жақсы етін. Жемпірінің бәрі қан еді. Осы жаққа келгенде, үстінің бәрі қанға талып қалды. Бетіне су шашып, қан аққан жерді басып тұрдық», – деді марқұм Оралбектің досы Асқар Санжар.
Ал, ақ халаттылар Орабек көп қан жоғалтып, кеуде тұсынан алған жарақаты жүрек пен өкпені зақымдағандықтан жан тапсырды дейді. Ота үстеліне апарғанда жеткіншектің жүрегі тоқтапты. Қазір бұл іспен полиция айналысып жатыр. Төбелеске қатысқандардың барлығы ұсталып, жауап алынған.
«Қазіргі уақытты төбелеске қатысушылардың барлығы анықталып, жауап алынды. Аталған дерек бойынша, Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлімімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті ұсталып, Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Бірқатар сараптамалар тағайындалды», – деді Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.
Жақындарының айтуынша, Оралбек Кетебаевтың мектепте үлгерімі жақсы болған. Әрі 5-6 жыл көлемінде спорпен айналысып, түрлі жарыстардан жүлделі оралған екен. Үйде 6 баланың төртіншісі. Бауыр еті баласынан айырылған отбасы енді тергеудің адал өтіп, кінәлілердің лайықты жазалануын талап етуде.
Мерей Бает, Мейіржан Ерболатов, «Алматы» арнасы, Тараздан