Қазақстанда соңғы үш жылға жуық уақытта 5132 көлік ұрланған

almaty.tv
almaty.tv
Жылдан-жылға табылған көліктердің саны азайып жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, соңғы екі жылда және осы жылдың сегіз айында 5132 көлік ұрланып, оның ішінде тек қана 1922 көлік иелеріне қайтарылған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алайда жылдан-жылға табылған көліктердің саны азайып жатыр. Аталған мәселені Парламент Мәжілісінің депутаты Ерсұлтан Бектұрғанов Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында көтерді. Депутат автокөліктің жоғалуы және оның табылмай кетуі, жәбірленген жанұя үшін ауыр тиетінін айтты. Өйткені көптеген азаматтар үшін темір тұлпар отбасына түсетін табыс көзі және бала-шағасын асырайтын күн көрісі екенін атап өтті.

«Мұндай көрсеткішке себептердің бірі автокөлік құралдарын екінші реттік есепке алу немесе шешу кезінде автокөліктің шанағы мен қозғалтқышының нөмерлік белгілерін визуалды тексеру жүргізуді алып тастау болып отыр, бұл алаяқтар немесе автокөлік ұрлаушылар үшін үлкен мүмкіндік туғызып отыр. Аталған процедураны алып тастау, автокөлік құралдарын екінші реттік есепке алу кезінде тұтынушыларға жеңілдік жасағанмен, ұрланған көліктің табылуына қиындық туғызып отыр», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерсұлтан Бектұрғанов.

Ал, депутат Жамбыл Ахметбеков Премьер-министр Асқар Маминнің атына ресми сауал жолдап, ауыл тұрғындарын мазалап отырған ауыз су мәселесін көтерді.  

«Халықтың сұрауы біреу ғана – ол ауыз су. Ауыз су – ол ауамен қатар адам өмірі үшін ең қажетті мәселе екеніне ешкім таласпайды және осы маңызды мәселе үшін «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы аясында миллиардтаған қаражат бөлінді. Өкінішке қарай, мемлекет ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қаншама миллиард ақша-қаражат бөлсе де, халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге әлі күнге дейін толық қол жеткізе алмай келеміз», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жамбыл Ахметбеков.

Новости партнеров